Ссылки доступа

Бішкекте мектеп пен балабақшаны ашуды талап етушілер акция өткізді


4 ақпанда мемлекеттік мектептер мен балабақшаларды ашуды талап етушілер Бішкек әкімдігі ғимаратының алдында 20 минуттық акция өткізді.

Акцияға қатысушылар Қырғызстан астанасында оқушылар әлі күнге дейін қашықтан оқып жүргеніне наразылық білдірді. Басқа аймақтарда орта мектептер жұмыс істеп тұр, ал астанада базарлар мен сауда орталықтары сынды нысандардың жұмысына рұқсат етілген, бірақ мектептер әлі ашылмады.

Акцияға шыққандармен Бішкек вице-мэрі Айжан Чыныбаева кездесіп, мектептер мен балабақшалар коронавирустың тарауын болдырмау шараларына байланысты жабық екенін түсіндіруге тырысты.

Чыныбаеваның айтуынша, астаналық мектептерде оқушы көп, сол себепті білім ошағында вирус тарау қаупі бар. Ол оқушыларды мектепке жіберуден қорқатын ата-аналар аз емес дейді.

"Бішкекте шамамен 200 мың оқушы бар. Мектептер 211 пайызға толған. Сауда орталықтары ашық екені рас, бірақ онда бір мезетте 200 мың адамнан жиналмайды", - деді вице-мэр.

Қырғызстанда мектептер коронавирус пандемиясына байланысты былтыр наурызда карантинге жабылды. Оқушылар қашықтан оқып жүр.

2020 жылғы 11 қарашада республикада 1489 мектептің ашылуына рұқсат берілді. Жергілікті биліктер оқуды мектепте жалғасыру туралы шешімді өздері қабылдаған.

Бішкек әкімдігі қаладағы балабақшаларды 20 қаңтарда, ал мектептерді 1 ақпанда ашатынын жариялаған. Алайда қаңтардың соңында жергілікті билік төрт сыныпты ғана мектепте оқыту туралы шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG