Ссылки доступа

COVID-19: Қазақстанда вирус бір тәулікте 1 146 адамнан анықталып, сегізі қайтыс болды


Қазақстанда 6 ақпан күні ПТР тесті оң шыққан 1146 коронавирус науқасы тіркелді. Осымен Covid инфекциясын жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталғандар саны 195 112-ге жетіп отыр.

Тәулік дерегі бойынша, аймақтар арасында 26 қаңтардан бері күн сайын Павлодар облысы бірінші орын алып келеді. 6 ақпан күні облыста 221 науқас тіркелген. Бірақ бұл көрсеткіш 28 қаңтардан бері тұрақты түрде төмендеп келеді. Сол күні облыста 296 науқас анықталған.

Аймақтар арасында алғашқы үштікке кірген Ақмола облысында осыған ұқсас жағдай байқалып отыр. 23 қаңтар күні 237 науқас тіркеліп, содан бері күнделік тіркелетін науқастар саны біртіндеп азайып келеді.

Коронавирус инфекциясын жазылып шыққандар 1021 адамға артып, 175 901-ге жетті, қайтыс болғандар 8 адамға артып, 2595-ке жетті. Вирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бар.

Қазақстан үкіметі былтырғы тамыздан бері вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. Сол уақыттан бері коронавирус пневмониясымен 48 295 науқас тіркеліп, 579 қайтыс болған, 37 225-і жазылып шыққан.

Covid пен коронавирус пневмониясын қоса алғанда қазір барлығы 27 107 адам емделіп жатыр. Оның 5771-і стационарда, 21 336-сы амбулаториялық ем алып отыр.

269 адамның хәлі ауыр, 48 науқастың жағдайы өте ауыр, 42 адам өкпені желдету аппаратына қосылған.

XS
SM
MD
LG