Ссылки доступа

Гүлнара Каримова ісі: Telia компаниясының бұрынғы басшыларын ақтау үкімі күшінде қалды


Telia компаниясының бұрынғы басшысы Ларс Ньюберг.

Швеция соты Өзбекстанның тұңғыш президентінің қызы Гүлнара Каримоваға пара берді деп айыпталған Telia (бұрынғы атауы Teliasonera – Ред.) компаниясының бұрынғы басшыларын ақтау үкімін күшінде қалдырды.

Ұйымдасқан қылмыс пен коррупцияны зерттеу орталығының (OCCRP) хабарлауынша, Стокгольм соты 4 ақпанда өткен отырыста Telia (жергілікті бренд атауы Ucell – Ред.) компаниясының бұрынғы үш басшысына шығарған ақтау үкімін күшінде қалдырған.

Компания басшылары Өзбекстанның тұңғыш президентінің қызы Гүлнара Каримованың оффшорлық компанияларының есеп шотына 320 млн доллар аударды деген күдікке ілінген. Олар бұл қаржыны Өзбекстан нарығына кіру үшін пара ретінде берген делінген. Бұл мәліметті бірінші рет OCCRP және SVT швед телеканалының журналистері таратқан.

2019 жылдың ақпан айында Стокгольм соты аталған компания басшыларын қылмыс жасамады деп ақтап шығарған.

2019 жылдың наурыз айында Швеция прокуратурасы апелляциялық шағым түсірген. Прокуратура оффшорлық компанияларға аударылған қаржының пара ретінде берілгенін дәлелдеуге тырысып жатыр. Бірақ сот қолма-қол берілген ақша немесе мемлекеттік құндылығы бар затты беру ғана коррупция болып саналады деген пікір білдірген.

"Прокуратура Гүлнара Каримованың телекоммуникация саласында лауазымды қызмет атқарғанын дәлелдей алмады", – деп атап өтті Керстин Элсерт. Енді Швецияның бас прокуратурасы Жоғарғы сотқа шағымдана алады.

Швеция бас прокуроры Ким Эндрюс OCCRP өкілдеріне берген сұқбатында соттың коррупцияға қатысты заңды жоғарыдағыдай талдауы "қорлау" болып саналады деген.

"Бұл швециялық компаниялар диктаторлаға пара беру арқылы өздерінің мәселелерін шеше береді деген сөз ғой. Оларды ақтау үкімі Швеция әлем алдында халықаралық міндеттемелерін орындауға қауқарсыз деген сөз. Біз қалдырған лас істерді АҚШ пен Еуропа елдері тазалауға мәжбүр болады", - деді ол.

Осыған дейін Telia компаниясының басшылары, ресейлік Vimpelcom (қазіргі атауы Veon) және МТС Гүлнара Каримоваға миллиондаған доллар пара бергенін мойындаған.

2017 жылы Telia компаниясы АҚШ әділет министрлігімен келісімге келіп, 965 млн доллар айыппұл төлеген. "Бірақ бұл келісімнің Швеция сотының үкіміне еш қатысы жоқ", - деп атап өтті Стефани Плейджел.

Гүлнара Каримова өзі елінде 13 жыл және 4 ай мерзімге жазасын өтеп жатыр. Ташкент қалалық соты былтыр наурыз айында оны ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыптап, үкім шығарған.

XS
SM
MD
LG