Ссылки доступа

Боррель Еуроодақ Ресейге қарсы санкция салынуы мүмкін деді


Жозеп Боррель

Еуропалық одақтың сыртқы саясат мекемесінің басшысы Жозеп Боррель Алексей Навальныйдың қамауға алынуына байланысты ЕО Ресейге санкция салуы мүмкін деді. Ол бұл жөнінде өзінің блогына Мәскеуге барып келген сапарынан кейін жазды.

Боррель Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу кезінде Алексей Навальныйды шұғыл босатуды талап еткенін айтты. Оның сөзінше, Ресей адам құқықтарын қорғау саласында халықаралық міндеттеме алған.

Боррель өзінің сапары кезінде Мәскеудің үш бірдей еуропалық дипломатты елінен шығарып жіберуін Ресей агрессиясы деп атап өтті. "Менің министр Лавровпен кездесуім Еуропа мен Ресейдің арасы алшақтап бара жатқанын көрсетті", - деді Боррель.

ЕО сыртқы саясат мекемесінің басшысы сонымен бірге коронавирус пандемиясына, климаттың өзгеруіне қарсы бірлесіп іс-әрекет жүргізуді және атом ядросы келісімі аясында Иранмен әріптестік таныту мәселелері сөз болғанын жеткізді.

Ресей СІМ болса, Мәскеу сапарынан кейін Боррельдің жасаған мәлімдемесіне таңданыспен қабылдағанын жеткізді. Министрлік мәліметінше, дипломаттың мәлімдемесі баспасөз мәслихатындағы сөйлеген сөздерімен сәйкес келмейді.

Жозеп Боррель 4-6 ақпан аралығында Мәскеуге ресми сапармен барды.

2 ақпанда Мәскеудегі Симоновский соты Алексей Навальныйды түрмеге қамау туралы шешім шығарды. "Ив Роше" ісі бойынша 2014 жылы шығарылған үш жарым жыл шартты жазасының екі жарым жылын оппозиционер енді абақтыда өтейді.

Апелляциялық сотқа дейін Навальный тергеу абақтысында отырады. Сот шешімі Ресейдің барлық аймағында наразылық туғызды.

XS
SM
MD
LG