Ссылки доступа

Тәжікстан Жоғарғы соты: 7 жылға сотталған 80 жастағы қарияның кінәсі дәлелденді


Тәжікстан Жоғарғы сотының төрағасы Шермухаммад Шохиён.
Тәжікстан Жоғарғы сотының төрағасы Шермухаммад Шохиён.

Тәжікстанда жеті жылға бас бостандығынан айырылған 80 жастағы Дониёр Набиевтің кінәсі сотта дәлелденген. Бұл туралы өлкенің Жоғарғы сотының төрағасы Шермухаммад Шохиён мәлімдеді.

"Набиев елде тыйым салынған "Исламның қайта жаңғыру партиясының" шетелдегі белсенділерінен ақша алып, партияның сотталған мүшелерінің отбасына беріп тұрған. Бұл сотта дәлелденді. Оның жасы қылмыстық жауапкершіліктен құтқармайды", - деді Шохиён.

Ол Набиевтің адвокатының Жоғарғы сотқа жазған апелляциялық арызы жақын күндері қаралатынын жеткізді.

80 жастағы Дониёр Набиев 2020 жылдың тамыз айында қамауға алынған. Желтоқсан айында ислам партиясының қамаудағы мүшелеріне материалдық көмек көрсеткені үшін жеті жылға сотталған. Бұл іс бойынша сот отырысы жабық өтті. Әзірге Набиевтің кінәсін мойнына алған-алмағаны белгісіз.

Қаңтардың басында Тәжікстанның ішкі істер министрлігі (ІІМ) Набиев "үшінші елдер арқылы бір мемлекеттердің арнайы қызметтері бөлген ақшаны алып, экстремистік идеяларды тарату, осындай мазмұндағы әдебиет сатып алу, жастарды жихадшы топтарға тарту үшін жұмсаған" деген.

20 қаңтарда Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы тәжік билігін Дониёр Набиевті тез арада босатуға шақырып, ол қайырымдылық іс жасағаны үшін сотталған деп атап өткен.

XS
SM
MD
LG