Ссылки доступа

Байден мен Трамп импичмент жариялау қорытындысына қатысты пікір білдірді


АҚШ президенті Джо Байден Сенатта Дональд Трампқа импичмент жариялау бойынша дауыс берудің қорытындысына қатысты пікір білдірді. Ол "оны айыптаудың мазмұны күдік келтірмейді" деді.

Байденнің сөзінше, Трампты ақтап дауыс бергендердің өзі 6 қаңтарда Капитолийге шабуыл жасауға арандатқаны үшін моральдық жауапкершілік алады деп мойындаған. Бұл оқиғаны Байден АҚШ тарихындағы "қайғылы оқиға" болып қалатынын айтып, демократия өте нәзік деп ескертті.

Байден сонымен бірге Трампты айыптап тек ғана демократтар емес, 7 республикашыл сенатор да дауыс бергенін атап өтті.

13 ақпан күні АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа импичмент жариялау мәселесін тергеген АҚШ сенаты дауыс берді. 57 сенатор Трампты бүлікке арандату айыбы бойынша айыпты деп тапса, 43 сенатор экс-президенттің кінәсі жоқ деді.

Бұл іске қатысты Трамптың өзі де пікір білдірді. Ол процесті "жалмауызды аулау" деп атады. "Америкада бір саяси партияның өкілдері заңның үстемдігін пайдаланып, адамдардың еркін көзқарастарын айту еркіндігін басып, оларға қарсы келгендерді қудалап жатыр", – деді экс-президент. Қазір Трамптың барлық аккаунттары бұғатталған деп хабарлады оның адвокаттары.

Республикашылдардың сенаттағы лидері Митч Макконнелл Трампты ақтап дауыс бергенімен, экс-президентті айыптай сөйледі.

"Президент Трамптың сол күнгі оқиғаны арандатуға іс-жүзінде де, моральдық тұрғыдан да жауапты екені даусыз. Ғимаратқа басып кіргендер президентінің қалауы мен нұсқауы бойынша әрекет еткеніне сенді" деді ол.

Макконнелл ақтап дауыс беруіне түсініктеме берді. Ол АҚШ конституциясының сенатқа бұрынғы президенттке импичмен жариялайтын құзырет бермегенін айтты.

XS
SM
MD
LG