Оның сөзінше, бұл шешім негізінде кең көлемде инженерлік-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол қалпына келтіру жұмысы екі кезеңнен тұратынын айтты. Бірақ ол қашан басталып, қашан аяқталатынын дәл айта алмайтынын жеткізді.
Бобоев зерттеу жұмыстарына шетелден де мамандар шақырылатынын жеткізді.
1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба су қоймасы жарылып, 6 адам қаза болған, шамамен 70 мың адам эвакуацияланған еді. Ондаған адам Қазақстанның Өзбекстанға жақын орналасқан Түркістан облысына көшірілді.
Түркістан облысының Мақтаарал ауданында да кемінде бес елді мекен зардап шекті. Ресми мәлімет бойынша, 900-ге жуық үй бұзылған, 7 мың гектар егістікті су шайып кеткен. Шамамен 300 ірі қара мал өлген.
Сардоба су қоймасы 2017 жылы қазіргі президент, сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзияевтің бастамасымен салынған. Оның құрылысына бюджеттен 404,4 млн доллар бөлінген.
Сарапшылар қорытындысында бөгеттің жарылуына жобалау, салу және пайдалану кезінде кеткен қателіктер себеп болды деп жазылған. Алайда кейбір мамандар апатқа жаппай жемқорлық атап айтқанда, құрылыс барысында бетондар мен құрылыс материалдарының ұрлануы себеп болуы мүмкін деп топшылаған.