Ссылки доступа

Қырғыз президентінің баспасөз хатшысы: муфти Токтомушевті қызметтен алуға Жапаровтың қатысы жоқ


Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Галина Бәйтеректің мәлімдеуінше, муфти Мақсатбек Токтомушевті қызметтен алуға Садыр Жапаровтың қатысы жоқ.

Хатшының айтуынша, әлеуметтік желіде тараған аудиотаспада белгісіз ер азамат президент Садыр Жапаров өзін муфти қызметіне тағайындауға уәде бергенін, Жогорку Кенештің экс-депутаты Арзыбек Бурханов пен басқалары муфти қызметінен Мақсат Токтомушевті заңсыз алып тастағанын мәлімдеген.

"Жалған ақпарат, арандату үшін таратылған. Кейбір күштер қоғамды үрейде ұстағысы келеді", - деп мәлімдеді Бәйтерек.

10 ақпанда Мақсатбек Токтомушев муфти қызметінен өз еркімен кететіні туралы арыз жазды. Бұның алдында Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті муфтиятта жемқорлық жүйесі әшкереленгенін хабарлаған.

Сол күні кешке Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының бас бухгалтері ұсталды. Кейін ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

Токтомушев 2017 жылғы 4 наурызда муфти қызметіне қайта сайланған. Оның қызметі биыл 4 наурызда аяқталуы тиіс еді. Діни басқарма муфти қызметіне үміткерлерді тіркеп жатыр.

XS
SM
MD
LG