Ссылки доступа

Тәжік прокуратурасы оппозиционер Одинаевқа шығарылған үкімді "орынды" деп атады


Тәжікстанның бас прокуратурасы Социал-демократиялық партия төрағасының орынбасары Махмурод Одинаев пен оның ұлы Хабибулло Ризоевқа шығарылған үкімді "орынды" деп атады.

28 қаңтарда Рудаки ауданының соты Одинаевты 14 жылға соттады. Судья оны "Тәжікстан конституциялық құрылымын күшкен өзгертуге үндеді" және бұзақылық жасады деп таныды. Бірақ Одинаев пен оның туыстары үкім әділетсіз деп, жоғары инстанцияларға шағымданатынын мәлімдеді.

Одинаевтың ұлы Хабибулло Ризоевқа сот шешімімен 58 мың сомони ($5 мың) айыппұл салынды.

Құзырлы орган ақпаратына қарағанда, 29 қазанда оппозиционер бұрынғы әйелі Мехрнигор Ризоева және ұлы Хабибулло Ризоевпен Гиссар қаласындағы әскери комиссариатқа барып, ұлы Ходжиакбарды әскери қызметке заңсыз шақырғанын айтқан, қоғамдық тәртіпті бұзып, билік өкілін балағаттаған және оған күш көрсеткен.

Махмурод Одинаев пен оның ұлы Хабибулло Ризоев тағылған айыптарды жоққа шығарып, әскери комиссариат қызметкерлерін айыптады. Олардың айтуынша, көзі нашар көретін жас жігітті заңсыз әскерге шақырған.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, Махмурод Одинаев былтыр 17 қарашада Фейсбуктегі парақшасында елде тыйым салынған Тәжікстан ислам өркендеу партиясының, "Группа-24" қозғалысының белсенділерінің суретін жариялаған, "Тәжікстан конституциялық құрылымын күшпен өзгерту мақсатында үкімет ғимараты алдында заңсыз акция өткізуге үндеген".

Алайда Махмурод Одинаев бұл айыптауды "ақылға қонымсыз" деп атаған. Әлеуметтік желі қолданушылары да 16 қарашада саясаткер парақшасында мұндай үндей жарияланбады дейді.

Махмурод Одинаев былтыр желтоқсанда ұсталды, сот 25 қаңтарда басталды. Оппозициялық саясаткер тергеу кезінде ұрғанын айтты. Бірақ тәжік билігі бұны жоққа шығарып отыр.

XS
SM
MD
LG