Ссылки доступа

Израиль тәжірибесі Pfizer вакцинасының тиімділігін көрсетті


Израиль тәжірибесі Pfizer және BioNTech корпорацияларының COVID-19-ға қарсы вакцинасының тиімділігі 95 пайыздан жоғары екенін көрсетті. Тұрғындарының дені вакцина қабылдаған Израиль денсаулық сақтау министрлігі осылай деп мәлімдеді.

Министрлік мәліметіне қарағанда, вакцинаның екі дозасын қабылдағандар арасында коронавирус жұқтырғандар көрсеткіші вакцина салдырмағандармен салыстырғанда 95 пайызға аз болған. Вакцинаның жұқпалы аурудың ауыр түріне шалдыққандарға қатысты тиімділік көрсеткіші 99 пайызға жеткен.

Вакциналау қарсаңындағы клиникалық сынақтар барысында вакцина тиімділігі 95 пайыз болған.

Der Spiegel басылымының хабарлауынша, вакцина жұқпалы аурудан қорғап қана қоймай, оның басқа адамға жұғуын тежейді – вакцина салдырғандардың 89,4 пайызы вирусты басқа адамдарға жұқтырмайды.

Израильде халықтың жартысына жуығы вакцинаның кем дегенде бір дозасын салдырған, ал шамамен 2,9 миллион тұрғын – халықтың 30 пайызы – вакцинаның екі дозасын да ектірген. Билік наурыздың соңына дейін ересектердің барлығына вакцина егуді жоспарлап отыр.

Вакцина егу науқаны басталғалы бері Израильде коронавирустан қайтыс болғандар азайды. Биыл қаңтардың ортасында елде шамамен 80 мың адам ауырған болса, қазір 50 мыңға жауық науқас ем қабылдап жүр. Билік карантин шектеулерін біртіндеп жеңілдете бастады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху вакцина салдырғандарға мейрамханаға, мәдени шараларға баруға, шетелге шығуға рұқсат беретінін мәлімдеді.

Вакциналау науқаны Ұлыбритания мен АҚШ-та жоғары қарқынмен өтіп жатыр. Еуроодақ елдері олардың сәл артта келеді.

XS
SM
MD
LG