Ссылки доступа

Германияда тәжік блогерлері өзара төбелесіп қалған


Солдан оңға қарай: Сулаймон Орзуев, Музаффар Давлатов и Шерзод Мамадшоев
Солдан оңға қарай: Сулаймон Орзуев, Музаффар Давлатов и Шерзод Мамадшоев

Германия жерінің Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы Зост қаласының полициясы бір топ тәжік жастарына бір-бірімен кездесуге тыйым салды. Олар өзара төбелесіп, газ тапаншасын қолданған. Арасында үш блогер бар.

Борода.tj деген бүркеншік атпен танымал Музаффар Давлатов есімді блогер You Tube қолданушыларына өзіне қарсыластары тұратын ауданға баруға тыйым салғанын, кері жағдайда 4 жылға дейін сотталып кетуі мүмкін екенін жеткізді.

Төбелес 17 ақпанда болған. Музаффар Давлатов мойнынан және қолынан жарақат алған. Үш азамат, оның ішінде Шерзод Мамаджонов пен Сулаймон Орзуев деген блогерлер полиция бөлімшесіне жеткізілген. Тиісті құжаттарды толтырғаннан кейін оларды босатқан.

Музаффар Давлатов (Борода tj) пен Шерзод Мамаджонов (Абдурахмон09) жанжалға себепші болды деп бірін бірі айыптайды. Музаффар Давлатовтың сөзінше, оның қарсыластары – Тәжікстанда тыйым салынған Исламның қайта жаңғыруы партиясын қолдайтындар. Олар өзіне қастандық жасағанын айтады. Ал Шерзод Мамаджонов пен Сулаймон Орзуев мұны теріске шығарады.

Жанжал Музаффар Давлатов Тәжікстанға барып келгеннен кейін басталған. Ол Душанбе жайлы видео түсіріп, қаланы Дубайға теңеген. Бұл YouTube-та "Шеф TJ" каналын жүргізетін Сулаймон Орзуевқа ұнамаған. Ол Музаффар Давлатов Тәжікстандағы адам құқықтарының бұзылып, халықтың кедей күй кешіп жатқанын байқамады деп сынға алған. Осыдан кейін олар бетпе-бет кездесіп, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін дәлелдемекші болған.

Олардың кездесуі төбелеске ұласып, жергілікті полиция өкілдерінің араласуымен аяқталған.

Тәжікстан ІІМ басшысы Рамазон Рахимзода 19 ақпанда баспасөз мәслихатын өткізіп, бұл оқиға бойынша жан-жақты түсіндіріп беру үшін Германия құқық қорғау өкілдеріне сұрау жібергенін жеткізді.

Ислам партиясы блогерлердің өздерінің саяси ұйымға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Сулаймон Орзуев пен Шерзод Мамаджонов Азаттықтың тәжік қызметіне берген сұқбатында ислам партиясының мүшесі емес екенін жеткізген.

XS
SM
MD
LG