Ссылки доступа

Еуроодақ елдері Навальныйды қудалауға қатысы бар ресейлік шенеуніктерге қарсы санкция салуға келісті


Еуроодақ елдерінің сыртқы істер министрлері 22 ақпанда Брюсселде саясаткер Алексей Навальныйды қудалауға қатысы бар ресейлік шенеуніктерге санкция салуға келісті. Санкциялар наурызға дейін дайындалады.

Бұл туралы Азат Еуропа / Азаттық радиосының тілшісі хабарлады.

Кездесуде санкция нақты кімдерге салынатыны талқыланбады. Бірақ, Reuters агенттігінің еуропалық дипломаттарға сүйеніп хабарлауынша, Ресей тергеу комитетінің басшысы, Федералдық жазаны атқару қызметінің директоры, Росгвардия басшысы мен бас прокурорға санкция салынуы мүмкін.

Тергеу комитетін Александр Бастрыкин, Росгвардияны Виктор Золотов, Федералдық жазаны атқару қызметін Александр Калашников, бас прокуратураны Игорь Краснов басқарады.

ЕО елдері Навальныйды қудалаудың саяси астары бар деп есептейді. Олар Ресейден саясаткерді тез арада босатуын сұраған. Бірақ Мәскеу қалалық соты 20 ақпанда Навальныйды қамауда ұстау туралы сот үкімін өзгертпеді.

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Брюссель қатаң санкция енгізсе, Мәскеу ЕО-мен қатынасын үзуге "дайын" деп мәлімдеген. Ресей Еуроодақтың өзге елдің ішкі ісіне араласты деп айыптап, Навальный ісінде ешқандай саяси астар жоқ деп отыр.

XS
SM
MD
LG