Ссылки доступа

Пара сұрағандарды ұстауға көмектескен тәжік әртісі жұмыстан шығып қалды


Шахбоз Саидов
Шахбоз Саидов

Жас тәжік әртісі қаржы полициясына пара сұрағандар туралы мәлімет беріп, соның нәтижесінде Өнер институтының бірнеше мұғалімі ұсталған.

26 жастағы Шахбоз Саидов Тәжік жастар театрында бір жылдан астам жұмыс істеді. Шамамен бес ай бұрын ол Жемқорлықпен күрес агенттігіне Өнер институтының магистратурасына түсу үшін ақша сұрағандар туралы мәлімет берген. Оның арызынан соң институттың екі қызметкері ұсталған. Дегенмен содан кейін жас әртіс жұмыста қысымға ұшыраған.

"Институтты қызыл дипломмен бітірдім. Магистратураға өз күшіммен түсе алар едім, бірақ маған 2500 сомони (шамамен 240 доллар) беру керек деді. Менде ондай ақша жоқ. Сол себепті қаржы полициясына шағымдандым", - дейді Шахбоз Саидов.

Театр басшылығы Саидовтың келісім-шарттағы мерзімі аяқталды дейді. Директор Сухроб Мирзоевтың Озоди радиосына айтуынша, ол жас әртіске алты айлық келісім-шарт ұсынған, бірақ Саидов бір жылдық шарт талап еткен.

Шахбоз шынымен бір жылдық келісім сұрағанын растады, бірақ кейін жарты жылдығына да келіскенін айтты. Театр басшылығы оны "арызқой" деп балағаттаған.

"Театр директорының орынбасары Сухроб Жанжолов мені жиналыста "арызқой" деп балағаттады. Мұндай сөзді театрдың басқа да қызметкерлерінен естідім", - дейді жас әртіс.

Саидов театрға қайтып оралғысы, мақсатына жету үшін заң аясында әрекет еткісі келеді. "Театр басшылығы мені балағаттағаны үшін жауап береді", - деді әртіс.

XS
SM
MD
LG