Ссылки доступа

Ереванда наразылық білдірушілер бірнеше көшені жапты


Ереванда 25 ақпанда таңертең демонстранттар қаланың бірнеше орталық көшесін жауып, премьер-министр Никол Пашинянның отставкасын талап етті. Бұл туралы Азаттықтың армян қызметі мәлімдеді.

"Отанды қорғау қозғалысының" мүшелері акция өтетін жерді және уақытты алдын ала хабарламайды.

Наразы топтар метро станцияларында вагондардың есігінде тұрып, пойыздардың жүруіне кедергі келтірді.

Полиция бірнеше көшені ашты, ұсталғандар бар.

Осы уақытта Армения Қарулы күштері бас штабы жетекшісінің бірінші орынбасары Тиран Хачатрянның қызметінен алынғаны мәлім болды.

Арменияда елдің премьер-министрі Никол Пашинянның отставкасын талап еткен наразылық акциялары бірнеше күннен бері өтіп жатыр. Бір күн бұрын Пашинянның ондаған қарсыластары Ереван мемлекеттік университетіне басып кірген. Олар оқытушылар мен студенттерді өздерінің акцияларына қосылуға шақырған.

24 ақпандағы акция кезінде жалпы 60-тай адам ұсталды. Оппозиция тарабы үкімет басшысы қызметінен кетпесе, күн сайын наразылыққа шыға беретінін білдірді.

Арменияда қарсылық акциялары 2020 жылдың қараша айынан бері жалғасып келеді.

Оған Никол Пашинянның Әзербайжанмен бейбіт келісімге келуі себеп болып отыр. Үш миллион халқы бар Арменияның Әзербайжанмен Таулы Қарабаққа байланысты таласы 1990 жылдан бері жалғасып келеді.

XS
SM
MD
LG