Ссылки доступа

Иранда оқыған тәжік студенттері тергеуге алынып жатқанын айтады


Иранда оқитын тәжік студенттері осы елдің ішкі істер министріне қайрылып, Душанбемен келіссөз кезінде өздерінің жөнсіз қуғындалуы мен тергеуге алынуы жөнінде мәселе көтеруді сұраған.

Олардың айтуынша, Иранда оқыған 50-ден астам студент ұсталып, тергеуге алынған. Олардың кейбірін Тәжікстанға барғаннан кейін түрмеге отырғызған.

Иран ішкі істер министрі Абдуризо Рахмонии Фазли Тәжікстанға ресми сапармен барып, елдің жоғары деңгейдегі басшыларымен кездескен.

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусына жақын Тасним ақпарат агенттігінің және жартылай Иран билігі бақылайтын "Донишчу (Студент)" каналы тәжік студенттерінің мәлімдемесін таратып, "Тәжікстан билігі Иранда оқыған студенттерін экстремизм және терроризммен айыптап, Иран тыңшысы деп күдікке алған" деп хабарлаған.

Қамауға алынған студенттерге қатысты сот отырысы жабық есік жағдайында өтіп, олардың дені 6 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айрылғаны айтылған.

Абдуризо Рахмонии Фазли 23 ақпанда Тәжікстан президентімен кездескен. Ресми ақпаратқа қарағанда, кездесу кезінде екі ел арасындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланған.

Соңғы жылдары Душанбе мен Тегеран арасындағы қарым-қатынас нашарлап кетті. Әсіресе 2015 жылы генерал-майор Абдухалим Назарзода әскери бүлік жасамақ болды деген оқиғадан кейін күрт нашарлаған. Тәжікстан сол кезде бұл істің артында Иран тұруы мүмкін деген күдік келтірген.

XS
SM
MD
LG