Ссылки доступа

Тәжікстанда таяуда ғана сотталған оппозициялық саясаткердің ұлы да түрме жазасына кесілді


Шайхмуслихиддин Ризоев
Шайхмуслихиддин Ризоев

Тәжікстандағы Гиссар қалалық соты Социал-демократиялық партияның төраға орынбасары Махмурод Одинаевтың ұлы Шайхмуслихиддин Ризоевты алты жылға бас бостандығынан айырды. Ол адам зорламақ болды және бұзақылық жасады деген айыптар бойынша кінәлі деп танылды.

Сот үкімі 25 ақпанда шыққан.

Шайхмуслихиддин Ризоевтың туыстары оны азаптағаннан кейін, кінәні "мойнына алуы мүмкін" деп болжайды. "Біз сот шешімін мойындамаймыз. Бізді үкім шығарып жатқан кездің өзінде сот залына жібермеді", - дейді сотталушының анасы Мехрнигор Ризоева.

Былтыр қараша айында Тәжікстанның ішкі істер министрлігі Шайхмуслихиддин Ризоевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Ресми мәліметке қарағанда, ол мейрамханалардың бірінде мас күйінде жас қызды ұрып, зорламақ болған, мейрамхана күзетшісі ара түспек болғанда, оны ұрып-соққан.

Бірақ оппозициялық саясаткер Махмурод Одинаев ұлына белгісіз біреулер шабуыл жасап, ұрып-соғып кеткенін мәлімдеген.

Анасы Мехрнигор Ризоева ұлының бастапқыда жәбірленуші болғанын, кейін әкесі милиция қызметкерлерінен жасырынғаннан кейін, ұлына қарсы қылмыстық іс қозғалғанын айтады.

Махмурод Одинаев биыл қаңтар айында бұзақылық жасады, экстремистік іс-әрекетке барды деген айыппен 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол былтыр күзде Тәжікстанда азық-түлік бағасының қымбаттап кеткеніне наразы болып, митингке шықпақ болған.

XS
SM
MD
LG