Ссылки доступа

Өзбекстанда қамаудағы блогерге жаңа айыптар тағылды


Өзбекстанда биыл қаңтардың аяғында "бопсалап ақша талап етті" деген күдікпен қамауға алынған сұрхандариялық блогер Отабек Сатториге "жәбірлеу" және "жала жабу" баптары бойынша қосымша айыптар тағылды.

Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті 1 наурызда таратқан мәлімдемесінде Сатториге қарсы айыптар 24 ақпанда тағылғаны, блогерге қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғаны жазылған.

Отабек Сатторидің туыстары онымен бір айдан бері кездесе алмай жүргенін айтқан.

Telegram және YouTube каналдары арқылы "Халық пікірі" деген видеоблог жүргізетін 40 жастағы Саттори көбінде жергілікті билік өкілдерін сынға алады. Ол 30 қаңтарда Термез қаласында ақша бопсалады деген күдікпен ұсталған. Сол күні кешкісін оның үйіне тінту жүргізіп, екі компьютерлік процессорды, Сатторидің сыртқы киімін, бес флэш картасын және ұлының планшетін алып кеткен.

Елдің ішкі істер министрлігі Саттори белгісіз адамдардан ақша және мобилдік телефон талап еткен, оның қамалуы блогерлік жұмысымен байланысты емес деп мәлімдеген. Көп өтпей, Сатторидің ісін талқылап, жария еткендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп ескерткен.

1 ақпанда Термез қалалық соты шығарған анықтамада Саттори Шерабад ауданындағы диқан базарының кемшіліктері туралы видеоны интернетке жариялаймын деп, оның жетекшісінен жаңа телефон сатып алып беруін талап еткен.

Сатторидің туыстары оған қарсы қылмыстық істер оның блогерлік жұмысына тікелей қатысты қозғалды деп есептейді.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы блогердің ісі Сұрхандария облысындағы коррупциялық көріністерді жасыру үшін ойдан шығарылғанын мәлімдеген.

"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) де осындай мәлімдеме жасап, блогерді тез арада босатуға шақырды.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының 15 ақпанда жариялаған мәлімдемесінде "Сатториге қарсы қозғалған күмәнді қылмыстық іс Өзбекстандағы сөз еркіндігіне соққы екенін" жазған. Ұйым ресми Ташкенттен Отабек Сатториді тез арада босатуды талап еткен.

XS
SM
MD
LG