Ссылки доступа

Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық және әскери-техникалық көмек береді


2 наурызда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді. Нұр-Сұлтан әуежайында оны Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев және Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қарсы алды.

Ақорданың хабарлауынша, екі мемлекет басшыларының кездесуі кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Садыр Жапаровтың президент ретінде алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастағанының маңызы зор екенін атап өткен". Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Қырғызстанға сапармен келуге шақырған.

"Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелері, атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық, коронавирус індетіне қарсы бірлескен шаралар, мәдени-гуманитарлық бағыттар, сондай-ақ, Еуразиялық интеграция және көпжақты құрылымдар аясындағы байланыстарды талқылады" деп жазды Ақорда.

Қырғызстан президентінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, екі ел басшылары ортақ мәлімдеме қабылдап, екі ел үкіметтері арасында әскери-техникалық көмек көрсету, электр энергиясы және өзге мәселелер бойынша екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылған.

Екі күнге созылатын сапар аясында Жапаров бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевпен, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллинмен, премьер-министр Асқар Маминмен және қазақстандық кәсіпкерлермен кездеседі.

Сапар алдында берген сұхбатында Жапаров "Қазақстан мен Қырғызстан арасында шешілмеген мәселе жоқ" деген. Бірақ сарапшылар екі ел арасында сөзден іске көшуді талап ететін мәселе өте көп деп санайды.

Қырғызстанда былтыр қазан айында билік ауысқалы бері екі ел басшыларының жоғары деңгейдегі кездесуі алғаш рет өтіп отыр. Сол кезде Қазақстан көрші елдегі оқиғаға алаңдаушылық білдіріп, Нұр-Сұлтан Бішкекті қазақ инвесторларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырған.

Қаңтар айында Қырғызстанда президент сайлауы өткеннен кейін бір күннен соң Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапаровты жеңісімен құттықтап, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырған. Тоқаевтың баспасөз қызметі Жапаровтың шақыруды қабылдағанын, оның президент ретінде алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайтынын хабарлаған. Алайда кейін Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі Садыр Жапаровтың алғашқы шетелге сапарын Ресейден бастайтынын айтқан.

XS
SM
MD
LG