Ссылки доступа

Мәскеу соты Азат Еуропа/Азаттық радиосының айыппұлдарға қатысты шағымын қанағаттандырмады


Мәскеудегі Тверь аудандық сотының судьясы Алексей Криворучко Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясының апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады.

10 ақпанда бірінші инстанция соты Ресейдің байланыс, ақпараттық технология және бұқаралық коммуникация салаларын бақылау қызметінің ("Роскомнадзор") "шетелдік агент" саналатын редакцияның материалды белгілеу ережесін бұзғаны үшін Азат Еуропа/Азаттық радиосына айыппұл салу шешімін дұрыс деп тапқан. Медиакорпорация бұл ұйғарымға қарсылық білдірген.

"АЕ/АР айыппұл салу туралы шешімдерге үзілді-кесілді қарсы. Шағымымызды қанағаттандырудан бас тартқан бүгінгі шешіммен де келіспейміз. "Роскомнадзордың" жаңа бұйрығы – мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдарына шабуылы, Ресей Конституциясы мен "БАҚ туралы" заңын бұзу, — деді медиакорпорация президенті Джейми Флай.

АЕ/АР президентінің айтуынша, "Роскомнадзор" орындауды талап етіп отырған контентке белгі соғудың жаңа ережелері – журналистің ісіне араласу әрі оның мақсаты – Азаттық радиосының, "Настоящее время" телеарнасының және медиакорпорацияның басқа редакцияларының жұмысына аудиторияның жағымсыз көзқарасын туғызу. Флай бүгінгі шешімге қарсылық білдіріп, жоғары инстанциядағы соттарға шағымданатындарын айтты.

Оның айтуынша, соттың қудалауына және Кремльдің қысымына қарамастан, АЕ/АР Ресейдегі ауқымы кеңейіп жатқан аудиториясын тастап кетпейді: "Ресей қоғамы объективті де тәуелсіз ақпаратқа зәру болып тұрған қазіргі кезде біздің редакциялық тәуелсіздігімізге ықпал етіп, оқырмандарға, көрермен мен тыңдарманға жету мүмкіндігімізге кедергі жасау әрекеті Азат Еуропа/Азаттық радиосын тоқтатпақ емес". АЕ/АР танымал болып келеді, әсіресе 2021 жылы Азаттық радиосы Орыс қызметінің сайттарына айына 16 миллионнан астам қаралым жинады.

"Роскомнадзор" талаптарына сәйкес, АЕ/АР жобалары әрбір аудио- және видеоматериалының басына "шетелдік агент екенін ескертетін" 15 секундық дыбыс фрагментін не видеотитр қоюы керек. Оның үстіне, көлеміне қарамастан, сайттардағы барлық мәтіндерге, әлеуметтік желілердегі посттар мен жарияланымдарға осындай белгі қойылуы тиіс.

2020 жылғы желтоқсан мен 2021 жылғы қаңтарда "Роскомнадзор" Ресейде медиакорпорацияның мүдделерін қорғайтын "АЕ/АР" ААҚ-ға бұйрықты орындамау фактілері бойынша жүздеген әкімшілік хаттама толтырғаны туралы ескерту жіберген. Медиакорпорацияның үстінен 260 әкімшілік іс қозғалған, 142 айыппұлды Тверь аудандық сотының бітімгер судьясы мақұлдаған. "АЕ/АР" ААҚ мен оның бас директорына салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 70 миллион рубльден (946 мың АҚШ доллары) асуы мүмкін.

"Роскомнадзор" өкілі "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында айыппұлдарды әрі қарай да өсіруге дайын екенін айтты және Ресей заңдары сайттарды бұғаттауға да рұқсат беретінін ескертті.

  • 3 және 4 наурызда Мәскеудің Тверь аудандық соты АЕ/АР-ның бес әкімшілік іс бойынша шағымын қарайды. Судья Криворучко – түрлі даулы істерді қараумен әйгілі болған адам. Соның ішінде қазір колонияда қамауда жатқан оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальныйдың ісі бар.
  • Азаттық радиосы, оның аймақтық жобалары, "Настоящее время" телеарнасы және АЕ/АР-ның бірнеше бөлімшесі 2017 жылдың соңында "БАҚ – шетелдік агент" тізіміне кірген. Министрліктің тізіміне енген бұл редакциялар қаржысы туралы есеп беріп, жарияланымдарын тиісті түрде белгілеп отыруы керек. АЕ/АР Ресейдің БАҚ – "шетелдік агент" туралы 2017 жылғы заңнамасын орындайды, бірақ оны "Ресей басшыларының журналистерді қудалауға бағытталған қауіпті қадамы әрі Ресей азаматтарына Кремль мақұлдаған ақпаратты ғана жеткізуге тырысу әрекеті" деп бағалайды.
  • АЕ/АР басшылығы ешбір тараптың саяси не цензуралық мақсатпен редакция саясатына араласуына жол бермейтін медиаұйым екендерін үнемі ескертіп келеді.
  • Ресейде жеке тұлғаларды да "БАҚ – шетел агенті" деп тануы мүмкін. 2020 жылы Ресей әділет министрлігі бес адамға осындай статус берді, олардың үшеуі – Азаттық радиосымен әріптес болып жүрген журналист. Олардың барлығы бұл шешімге заң аясында қарсылық білдірмек.
  • Азат Еуропа/Азаттық радиосы баспасөз бостандығына үкімет шектеу қойған 23 елге 27 тілде хабар таратады. Радио журналистиканың жоғары объективтілік стандарттарын ұстанып, цензурасыз ақпарат беруді мақсат тұтады. Ұйымның бас кеңсесі Чехия астанасы - Прагада орналасқан.
  • Медиаұйым АҚШ конгресінің гранттары негізінде қаржыландырылады.
  • Жақында АҚШ-тың республикашыл және демократ конгресмендері Кремль Азат Еуропа/Азаттық радиосының Ресейдегі қызметін шектеуді, журналистерін жазалауды күшейтсе, Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар салуға шақырды.

XS
SM
MD
LG