Ссылки доступа

Human Rights Watch Қырғызстанды Конституцияның жаңа жобасын қайтарып алуға шақырды


Адам құқықтарын қорғаумен айналысатын Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы Қырғызстанның жаңа Конституция жобасына қатысты мәлімдеме жасап, оны сынға алды.

Мәлімдемеде "Жаңа Конституция жобасы адам құқықтары нормаларына қайшы келеді және билікті асыра пайдаланудан сақтайтын тежеме және теңгерме балансын бұзады" делінген.

Ұйымның көзқарасы бойынша, Конституцияны қабылдаудың Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ұсынған мерзімі – тым аз, бұл аралықта құжатты талқылау мүмкіндігі шектеулі. HRW елдің қазіргі парламенті негізгі заңның жобасын талқылауды тоқтатып, бұл істі жаңа сайланатын Жогорку кеңеш құзырына қалдыру керек деп санайды.

"Конституцияның қазіргі жобасы Қырғызстан билігі айтып жүрген адам құқықтарының жоғары деңгейіне сай келмейді. Ол [Конституция] халықаралық стандарттарға сәйкес әр адамның құқығын қорғауға кепілдік беретіндей болып шығуы үшін мұндай заңды әзірлеуге лайықты уақыт бөлінуі керек" деді Human Rights Watch-тың Еуропа және Орталық Азия бойынша зерттеушісі Сыйнат Султаналиева. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Мәлімдемеге сенсек, президент өкілетінің кеңеюі билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті бұзады әрі жаңа Конституция жобасының кей баптары адам құқықтарының халықаралық стандарттарына қайшы.

Human Rights Watch ұйымының айтуынша, Қырғызстан билігі жаңа жобаны кері қайтарып, азаматтар мен сарапшылардың пікірлеріне толық құлақ асуы тиіс, бұған қоса олар құжатқа баға беру үшін оны Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясына жіберуі керек.

3 наурызда Қырғызстан парламенті Жогорку кеңеш депутаттары жаңа Конституцияны қабылдау бойынша 11 сәуірге референдум тағайындау жөніндегі заң жобасын талқылап, оны бірінші оқылымда мақұлдаған. Негізгі заңның жаңа жобасы талқыланбайды, оған еш өзгеріс енгізілмейді деген пікірлер айтылған.

Былтыр қазанда Бішкекте болған көтерілістен кейін билікке келген президент Садыр Жапаров жаңа Конституция қабылдау қажет деп мәлімдеген соң көп ұзамай, қарашада парламент сайтында негізгі заңның жаңа нұсқасы жарияланған. Жогорку кеңештің 80 депутаты осы жобаны ұсынған.

Биылғы 10 қаңтарда елде президент сайлауымен бірге басқару формасына қатысты референдум да өтті. Онда Қырғызстан сайлаушыларының көбі қазіргі парламенттік басқарудан президенттік басқару формасына өтуді жақтады.

Жаңа нұсқа қоғам сынына ұшыраған соң Конституциялық кеңес құрылып, олар негізгі заң жобасына біраз өзгеріс енгізген. Кеңес биыл қаңтарда жобаның жаңа нұсқасын қабылдап, ақпанның басында оны парламентке жіберген.

Қырғызстанның тәуелсіз заңгерлері ұсынылған жобаға сараптама жасап, құжат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектейді деген қорытындыға келді. Кейін Жогорку кеңештің бірнеше депутаты жаңа Конституция жобасынан қайшылықтар мен құқықтық кереғарлық байқағанын жеткізді. Олар "шикі құжатты референдумға шығаруға болмайтынын" айтты.

XS
SM
MD
LG