Ссылки доступа

Өзбекстан президентінің күйеубаласына Оңтүстік Кореяда ота жасалды


Отабек Омаров

4 наурызда Өзбекстан президенті мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары, 36 жастағы Отабек Омаровқа Оңтүстік Кореядағы ауруханада ота жасалды.

Бұған дейін ол екі апта ауруханада карантинде жатқан. Бұл жөнінде Омаровқа жақын дереккөзге сілтеме жасаған Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Отабек Омаров – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің кіші күйеубаласы. Оның әйелі Шахноза Мирзияева Өзбекстанның мектепке дейінгі білім министрлігінде бөлім басшысы болып жұмыс істейді.

Омаровқа операция жасалғаны туралы ақпаратты 4 наурызда өзбекстандық Korrespondent.uz басылымы бірінші болып хабарлаған. Репортажда 13 ақпанда Отабек Омаров мінген мотоцикл соғылды деген автокөліктің суреті де жарияланды.

Бұған дейін Азаттықтың Өзбек қызметінің дереккөздері Омаровтың арнайы медициналық ұшақпен Оңтүстік Кореяға жеткізілгенін жазған.

Жергілікті ақпарат құралдарында жарық көрген соңғы жаңалықтар Азаттық мұның алдында таратқан ақпарды растайды. 13 ақпанда сағат 18:00 шамасында Отабек Омаров мінген мотоцикл 01 N 121 PA нөмірлі, ақ түсті Chevrolet Epica көлігінің артына соғылған. Мотоциклдан құлап түскен жүргізуші жолдың сол жағындағы бетон қоршауға жетіп құлаған.

Оқиға Ташкенттегі "президент трассасы" аталатын Мустакиллик көшесінде, "Пушкин" метро бекетінің маңында болды.

Омаровты ел ішінде "16-қалалық аурухана" аталып кеткен Жедел көмек беру жөніндегі республикалық ғылыми орталыққа алып барған. Медицина қызметкерлері "аяғы сынған науқасқа алты сағат бойы жәрдем көрсетілгенін" айтты.

Өзбекстан президенті отбасына жақын дереккөздің айтуынша, "Омаровтың оң аяғы үш жерден сынған, ал сол аяғы қатты соққыдан күл-талқан болған". Омаровтың аяғына Илизаров аппараты қойылған. Дереккөздердің барлығы ғылыми орталықта бірнеше сағат медициналық көмек алған президент күйеубаласын арнайы медициналық ұшақпен шетелге алып кеткенін айтады.

Өзбекстан президенті әкімшілігі де, президенттің мемлекеттік қауіпсіздік қызметі де, жол апаттары туралы ақпарат беріп отыратын ішкі істер министрлігі де бұл оқиға туралы ештеңе айтпады.

Дереккөз Азат Еуропа/Азаттық радиосына президент Шавкат Мирзияевтің жол апатына байланысты президент қауіпсіздігі қызметінің бірнеше мүшесіне қарсы қызметтік зерттеу жүргізуге бұйрық бергенін айтты. Сол күні Омаровтың жанында болған, дереккөз "спортшы" деп сипаттаған кейбір адамдар да тергеліп жатыр. Азаттық дереккөзінің сөзінше, оқиға болған соң Омаровқа тиесілі Ташкенттегі бизнес-құрылымдар, атап айтқанда, бірқатар кеңсе мен спорт залы жабылып, есігіне мөр басылған. Дереккөздердің айтуынша, Отабек Омаров пен оның маңайындағы "спортшылар" Ташкентте көлік жарысын жиі ұйымдастырып, жолдағыларға қауіп төндіріп тұрады.

XS
SM
MD
LG