Ссылки доступа

Қазақстан мен Қырғызстанда әйелдер құқығын қорғауға арналған марш өтті (видео)


Халықаралық әйелдер күнінде Қазақстан мен Қырғызстанда әйелдер құқығын қорғауға арналған марш өтті.

Қырғызстанда әйелдер маршы Бішкек пен Ош қаласында өтті. Бішкектегі маршта белсенділер Жогорку Кеңеш ғимараты жанына жиналып, Уркуе Салиеваның ескерткішіне дейін жаяу жүріп барды. Олар "әйел бақыты" дегеніміз не деген сауалға өз ойларын айтты.

Жиналғандар теңдік жайлы сөз қозғап, әйелдерді кемсітушілік, зорлық-зомбылыққа қарсы мәселе көтерді.

Ошта да дәл осындай марш өтті. Белсенділер маршты Құрманжан датқа көшесінен бастап, "Аналардың көз жасы" монументіне жетіп аяқтады.

Былтыр дәл осы уақытта Бішкек және Ош қаласында өткен әйелдер маршында белгісіз адамдар қыз-келіншектерге шабуыл жасап, кедергі келтірген.

Ресми мәлімет бойынша, 2021 жылдың қаңтар айынан бері Қырғызстанда тұрмыстық-зорлық зомбылыққа қатысты 727 оқиға тіркелген. Оның басым бөлігі Бішкекте және Шу облысында орын алған. Былтыр әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық 14 пайызға, тұрмыстық зорлық-зомбылық 65 пайызға өскені хабарланған.

Алматыда 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні "Феминита", "КазФем", "SVET", "ФемАгора", "ФемСреда" қоғамдық ұйымдары белсенділері гендерлік теңдікке үндейтін шеру өткізуге Ганди саябағына жиналды. Қала әкімдігі 13 ақпанда бұл шараға келісім берген.

Акцияны ұйымдастырған "Феминита" феминистік бастама тобының негізін қалаған белсенділер Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Қазақстанда лесби, бисексуал, квир, трансгендер қауым өкілдері, жыныстық қызмет көрсететін әйелдер құқығы қорғалмай, қорғансыздың күйін кешіп келе жатқанына көпшіліктің назарын аударды.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстандағы тұрмыстағы әлімжеттік тақырыбын "тұрақты сақталып отырған мәселе" деп сипаттайды. Ішкі істер министрлігі былтыр қыркүйекте полицияға тұрмыстағы әлімжеттікке байланысты түскен 130 мың шағымның тек 2,5 мыңы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. 30 мың шағымның негізінде әкімшілік іс қозғалған. Ал өзге жағдайларда жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқан.

БҰҰ есебіне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан шамамен 400 әйел көз жұмады.

XS
SM
MD
LG