Ссылки доступа

Тәжікстанда қытай компаниясының жұмысшылары еңбек шартына наразы


Душанбеде тәжік үкіметінің жаңа ғимаратын салып жатқан "Чиангду" қытай компаниясының жұмысшылары еңбек шартының әлсіздігіне және құқықтарының бұзылып жатқанын айтып шағымданды.

"Барлық ауыр істерді жергілікті жұмысшылар жасайды. Қытайлықтар инженер, прораб болып істеп, кеңседе отырады. Біз тоғыз сағат істеп, ауыр жұмыс үшін бар болғаны 70 сомони (6 доллар) аламыз", - деді аты-жөнін айтқысы келмеген жұмысшылардың бірі.

Тәжікстанның Еңбек кодексіне сәйкес, жұмысшылардың жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы керек. "Демек, жұмысшылар айына кемінде сегіз күн демалыс алуы керек. Бірақ компания жетекшілігі жергілікті жұмысшыларға айына төрт күн ғана демалыс береді. Мұнымен келіспегендерді жұмыстан шығарып жатыр", - деді жұмысшылардың бірі.

Елдің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі аталған компания жұмысшылары тарапынан ешқандай шағым түспеді дейді.

Соңғы жылдары Тәжікстанның барлық ірі нысандарын қытайлық компаниялар салып жатыр. Осыған дейін олар ұлттық кітапхана мен сыртқы істер министрлігінің ғимаратын тұрғызса, қазір парламент және үкімет үйін салып жатыр.

XS
SM
MD
LG