Ссылки доступа

Алматыда "карантинге байланысты" адвокаттар митингісіне тыйым салынды


Алматыда "карантинге байланысты" 13 наурызға белгіленген адвокаттар митингісіне тыйым салынды. Бұл туралы Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің баспасөз қызметіне сүйенген жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

Департаменттің баспасөз хатшысы Балсұлу Әлекенова Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің қаулысына сүйене отырып, қалада адам көп жиналатын шара өткізуге тыйым салынғанын еске салған. Ол коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты қаланың "қызыл аймаққа" енгенін, кез келген қоғамдық шара індетті асқындырып жіберуі мүмкін екенін айтқан.

Бұған дейін елдегі бірқатар адвокаттар мен заңгерлер 13 наурыз күні қалада митинг өткізетінін, митинг өткізу туралы өтінішті биліктің мақұлдағанын мәлімдеген. Олар қазір парламентте талқыланып жатқан "Адвокат қызметі және заңгерлік көмек" туралы заң жобасындағы бірқатар түзетулерге қарсылық білдірмекші болған.

Алматы қаласының бас санитар дәрігердің карантинді күшейту туралы қаулысы жарияланғаннан кейін 11 наурызда адвокат Айман Омарова Facebook-тағы парақшасында "қалада бейбіт жиын өткізуге кедергі келтіруге тырысып жатыр" деп мәлімдеді. Адвокат Гүлнара Жуаспаева Азаттық тілшісіне биліктен "митингіге тыйым салынғаны" туралы ресми жауап келмегенін, сондықтан митинг өткізуден бас тартпайтынын айтты.

Былтыр мамыр айында қабылданған бейбіт жиын туралы заңға сәйкес, азаматтар жергілікті билікке митинг өткізетінін алдын ала ескертуі тиіс. Жергілікті және халықаралық сарапшылар заң бейбіт жиын өткізу тәртібін жеңілдетпеді, ескі шектеулер бұрынғыша сақталып қалды деп санайды.

Ресми мәлімет бойынша, Алматы қаласында 2020 жылдың 13 наурызынан бері 26 708 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Өткен тәулікте 237 науқас тіркелген.

XS
SM
MD
LG