Ссылки доступа

Тәжікстан мен Қырғызстан тұрғындары шекараның ашылуын күтіп жүр (видео)


Қырғызстан мен Тәжікстанның шекараға жақын ауылдың тұрғындары ортада қазылған шұңқырларды көміп, шекара өткізу бекеттерінің ашылуын күтіп жүр.

Былтыр коронавирус пандемиясына байланысты шекарадағы өткізу бекеттері жабылғаннан бері Қырғызстанның Арка мен Тәжікстанның Хистеварза ауылдарының тұрғындары өзара қатынаспай, сауда айналымы да тоқтап қалған.

"Тәжіктер бізден бензин, біз олардан азық-түлік сатып алып тұрған едік. Ауыл тұрғындарының 80% аз қамтылған. Шекара жабылғаннан бері жергілікті базардан қымбат бағаға азық-түлік сатып алуға мәжбүр болып жатырмыз", - дейді Арка ауылының тұрғыны Туратбек Шабачаев.

Бірер күн бұрын шекара аймағына барып келген Азаттықтың тәжік қызметінің тілшісі ондағы өткізу бекеттерінің жабық екенін, оларды бойлай шұңқырлар қазылғанын жеткізген.

"Бұл шұңқырлар былтыр көрші Қырғызстанда коронавирус жұқтырған алғашқы жағдай тіркелгеннен кейін қазылған. Ол кезде халық дүрбелеңге түсіп, билік шекара бекеттерін уақытша жабу туралы шешім қабылдаған. Шұңқырлар азаматтардың денсаулығы үшін қазылған", - деді Хистеварз ауылының басшысы Бобожон Гафуров.

Қырғыз-тәжік шекарасының ұзындығы 976 шақырымды құраса, оның 500 шақырымнан астамы ғана белгіленген. Қалғаны әлі дау туғызып келеді.

Қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау және демаркациялау бойынша үкімет делегацияларының кезекті кездесуі 16 наурызға белгіленген.

XS
SM
MD
LG