Ссылки доступа

Атыраудағы апелляциялық сот Боқаевқа қойылған шектеулерді күшінде қалдырды


16 наурызда Атырау облыстық апелляциялық соты Макс Боқаевтың өзіне жергілікті полиция департаменті қойған шектеулерге қарсы түсірген шағымын қанағаттандырмады. Судья Гүлмира Дәулетова алдыңғы сот қаулысын өзгеріссіз қалдырды.

2016 жылы Жер митингілерінен кейін бес жылға сотталып, биыл ақпанда жазасын өтеп шыққан Боқаевқа полиция үш жыл түрлі шектеу қоюды сұраған. Атыраудағы сот 18 ақпанда полицияның ұсынысын мақұлдап, Боқаевқа алаңға барып, қоғамдық мәселелерді талқылауға; кешкі оннан таңғы алтыға дейін үйінен шығуға; полицияның рұқсатынсыз қаладан шығу тыйым салған. Белсенді соттың бұл шешіміне шағымданған.

Боқаевтың адвокаты Жанар Сүндетқалиева сотта "полиция Боқаевтың қоғамдық маңызы бар мәселелер мен лауазымды тұлғалардың әрекеті туралы ашық талқылап, пікір білдіруі еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін деген ойына ешқандай дәлел келтірген жоқ, ендеше бұл соттың шешімі заңсыз" деп мәлімдеді.

Боқаев та адвокатының айтқанын қолдап "адамның бостандығы мен пікірін шектеудің өзі ұлтқа төнген қауіп" деді.

Атырау облыстық прокуратурасының прокуроры Серік Әділұлы ақпандағы сот шешімін заңды әрі негізді деп санайтынын айтып, апелляциялық соттан оны өзгертпеуді, Боқаевтың арызын қанағаттандырмауды сұрады.

Бұл – Боқаевқа қойылған екінші шектеу. Бұған дейін сот Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Боқаевқа үш жыл әкімшілік қадағалау тағайындау ұсынысын қанағаттандырған. Белсенді бұл шектеуге апелляциялық шағым түсіргенімен, Атырау облыстық соты оны да қанағаттандырмады.

Боқаев бұл шектеулерге қарамастан Атыраудағы Исатай мен Махамбет алаңына барып, билікке саяси талап айтқан.

Қылмыстық кодекстің 431-бабында әкімшілік қадағалауды бұзғандарға бір жыл бас бостандығынан айыру я шектеу жазасы қарастырылған.

Белсенді Макс Боқаев 2016 жылдың сәуірінде Атырау қаласында бірнеше мың адамның қатысуымен болған жер митингісінен кейін 5 жылға сотталған. Оған "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңын бұзды" деген айыптар тағылған.

Құқық қорғаушылар белсендіні "саяси тұтқын" деп таныған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен батыс елдері Қазақстан билігінен бірнеше рет Боқаевты босатуды сұраған. Ал белсендінің өзі билікпен келісімге келуден бас тартып, жазасын толық өтеп шықты.

2021 жылдың 4 ақпанында бостандыққа шыққан ол Атыраудағы (митинг өткен жер) Исатай-Махамбет алаңына барған. Ол 28 ақпан мен 28 наурыз аралығында алаңға барып, Қазақстан Конституциясын өзгертуді, билікті "ұлттық диалог" құруға шақыратынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG