Ссылки доступа

Тәжікстанда мұғалімдер прокуратура қызметкерлерінің тексерулерінен шаршағанын мәлімдеді


Иллюстративное фото

Хорог қаласындағы бір мектептің мұғалімдері Таулы Бадахшан автономиялы облысының прокуратурасы білім мекемесін үнемі тексеретінін мәлімдеді. Олар мұғалімдерге айыппұл салады.

"PamirDaily" сайтының хабарлауынша, Хорогтағы орта мектеп мұғалімдері облыстық прокуратура қызметкерлерінің қысымынан шаршағанын мәлімдеді. Ұстаздардың айтуынша, облыстық прокуратура қызметкерлері қаладағы мектептерге жиі келетінді шығарған.

"Қарапайым мұғалім құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерінің келгеніне абыржиды. Прокуратура қызметкерлері сабаққа қатысады, оқушыларға түрлі сұрақтар қояды, мұғалімдердің журналдарын тексереді. Ұстаздар қорқып отыр. Прокуратура мұнда не істеп жүр?" деп шағымданған мұғалімдер.

Автономиялы облыс прокуратурасы мұғалімдердің шағымын орынсыз деп атап, орган қызметкерлері заң аясында әрекет еткенін мәлімдеген.

Прокурор Парвиз Орифзоданың айтуынша, құзырлы орган қызметкерлерінің тексерулері барысында Хорог мектептерінде 10 мұғалім әкімшілік жауапқа тартылған. Сот шешімімен төрт ұстаз ескерту алса, алтауына 120 сомони (шамамен 11 доллар) салынған.

Ресми мәлімет бойынша, Тәжікстанда шамамен 4 мың мектеп бар, онда 2 миллионнан астам оқушы білім алады.

XS
SM
MD
LG