Ссылки доступа

Президент Мирзияев Шоввозсойдағы "құпия" резиденциясы туралы сауалға жауап берді


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ташкент облысына сапары барысында бейсенбіде журналистердің сауалдарына жауап берді. Мемлекет басшысымен аз уақыт әңгімелескен журналистер оған Шоввозсойдағы демалыс аймағы туралы сұрақ қойды.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл сауалды журналист Азиза Құрбанова қойған.

Мемлекет басшысы бұл сауалға былай деп жауап берді:

"Ол темір жолдың мемлекеттік кәсіпорыны. Онда ешкім тұрмайды, оны ешкімге бермеген. Мемлекеттік меншігі. Оған президенттің қандай қатысы бар? Президент ол жерге барар болса, Өзбекстанға пайдалы әріптестік орнату үшін жоғары лауазымды адамды ертіп барады. Біз президентпен жаяу жүрдік, сіз де келіп, онымен жаяу жүріңіз деп неге айтпайсыз? Сосын, бес жылда президент қанша мәрте демалды? Осы сауалды неге қоймайсыз?".

Озодлик радиосыны биыл 23 ақпанда жарияланған зерттеуінде Ташкенттің солтүстік-шығысында 100 шақырым жерде орналасқан Угам-Чаткал биосфера резерватында жылжымайтын мүлік тұрғаны жайлы айтылған. Журналистер қорықтағы бұл сарай президент Шавкат Мирзияев үшін салынғанын анықтаған.

Өзбекстанда ұшуға болмайтын алты аймақтың бірі осында орналасқан. Қорықта су қоймасы салынған. Құрылыс жүргізген жұмысшылардың ұялы телефондарын алып қойған, ал құрылыс құжаттарына "құпия" белгісі басылған.

Кейін Өзбекстан билігі "Озодликтің" президенттің құпия резиденциясы туралы зерттеуін жоққа шығарды.

Резиденция құрылысына тапсырыс берген Өзбекстанның мемлекеттік акционерлік темір жол компаниясы зерттеуде айтылған жайттарды жоққа шығарып, оларды "негізсіз, жалған" деп атаған.

XS
SM
MD
LG