Ссылки доступа

Өзбекстан мен Қырғызстан бірге ГЭС салуға келісті


Өзбекстан мен Қырғызстан Нарын өзенінде салынатын "Камбар-Ата-1" су электр станциясының жобасын бірге дайындауға келісті.

Көрші елдердің басшылары Садыр Жапаров пен Шавкат Мирзияев қырғыз президентінің Ташкентке мемлекеттік сапары барысында осындай келісім қабылдаған. "Қамбар-Ата-1" су электр станциясының қуаты қазір жұмыс істеп тұрған Тоқтоғұл электр станциясынан күштірек болады.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ауқымды құрылыс туралы мәліметті "Азаттыкқа" (Азаттық радиосының Қырғыз редакциясы) берген сұхбатында бөліскен.

‒ Жұмыс басталып кетті. Құдай қаласа, "Қамбар-Ата 1" үш жылда салынады. Осындай мақсат қойып отырмыз. Осы нысанды отыз жылдан бері жүзеге асыра алмай келдік. Енді үш жылда бітіреміз, - деді Жапаров.

Президенттердің бірлескен брифингінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев осы жоба туралы айтқан.

‒ Біз меморандум емес, алғаш рет келісімге отырдық. Енді жұмыс істеп, екі елдің халықтарына есеп береміз, - деді Мирзияев.

Еске салайық, Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов билігі кезінде Ташкент Қырғызстанда "Қамбар-Ата 1" ГЭС-ін салуға қарсы болған. Ташкенттің ресми ұстанымы 2016 жылы билікке Шавкат Мирзияев келген соң өзгерді.

Жоспар бойынша, "Қамбар-Ата" ГЭС-і Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Тоқтоғұл ауданында салынады. Одан 14,5 шақырым жерде орналасқан "Қамбар-Ата 2" ГЭС-нің бірінші агрегаты 2010 жылы іске қосылған.

XS
SM
MD
LG