Ссылки доступа

Тәжік құқық қорғаушысы Иззат Амон Ресейден депортацияланды, Душанбеде ұсталды


Иззат Амон

Ресейде еңбек мигранттарының құқықтарын қорғап келген белгілі тәжікстандық құқық қорғаушы Иззат Амонның туыстары ол Душанбеге келгенде ұсталғанын, қазір қайда екені белгісіз болып жатқанын хабарлады.

Олар құқық қорғаушының депортацияланғанын және қамалғанын заңсыз деп атады.

27 наурызда Тәжікстанның ішкі істер министрлігі (ІІМ) Иззат Амон "Ресейде жүріп-тұру ережесін бұзғаны және бұл өлкенің азаматтығын заңсыз алғаны үшін" Мәскеудің Тверь аудандық сотының шешімімен депортацияланып, Душанбеге келгенде алаяқтық айыбымен ұсталғанын хабарланған.

Иззат Амонның Ресейде қалған зайыбы Сайёра Тагоева күйеуінің құқықтарын қорғау үшін адвокат жалдағанын, "заңсыз әрекеттері үшін" билікті сотқа беруге ниеттеніп жатқанын жеткізді.

"Бізге Тверь аудандық сотының шешімі бойынша арыздануға да мүмкіндік бермеді. Бұл Ресей заңдарына қарсы келеді",- деді Тагоева.

25 наурызда Иззат Амонның әріптестері Мәскеу полициясы оны үйінен алып кеткенін мәлімдеген.

48 жастағы Иззат Амон 2000 жылдардан бері Мәскеуде тұрады. 2009 жылы Ресей СІМ жанындағы Дипломатиялық академияны, 2013 жылы Ресей президенті аппараты жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының аспирантурасын бітірген.

Иззат Амон Мәскеудегі Халықаралық адвокаттар бюросында істейді және "Мәскеудегі тәжіктер орталығы" ұйымын басқарады. 2019 жылы ол хиджапқа тыйым салуды сынағаны үшін Тәжікстанда оған экстремизм бабы бойынша іс қозғаған.

XS
SM
MD
LG