Ссылки доступа

Ашраф Ғани: Тәжікстан Ауғанстандағы қарулы қақтығысты тез арада тоқтатуды қолдайды


Ауғанстан президенті Ашраф Ғани мен Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Душанбе, 29 наурыз, 2021 жыл.

Ауғанстан басшысы Мұхаммед Ашраф Ғани Тәжікстан көрші елдегі қарулы қақтығысты тоқтатуды қолдайды деп мәлімдеді. Ашраф Ғани "Азия жүрегі — Стамбұл процессі" деп аталатын конференцияға қатысу үшін Тәжікстанға барды.

29 наурызда Душанбеде Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон мен Ауғанстан президенті Мұхаммед Ашраф Ғани кездесті. Тәжік президентінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесу барысында екі елдің басшысы экстремизм және терроризммен қарсы күресте бірлесіп жұмыс істеу, ГЭС құрылысын дамыту және "САSA-1000" жобасын жүзеге асыру мәселесін талқылаған.

Бүгінгі күнге дейін Тәжікстан мен Ауғанстан арасында алты көпір салынып, қолдануға берілген.

Бірақ былтырдан бері жалғасып келе жатқан пандемия салдарынан екі ел шекарасы жабылып, сауда қарым-қатынасы айтарлықтай тоқтап қалған. Осыған байланысты Эмомали Рахмон таяу уақытта жұмыс кеңесін құрып, екі елдің сауда айналымын дамыту мәселесін талқылауды ұсынды.

Ашраф Ғани журналистермен кездесу кезінде екі ел арасындағы келіссөз нәтижесін береді деген сенім білдірді. Оның сөзінше, Ауғанстандағы қауіпсіздік ең бірінші Тәжікстанға оң ықпалын береді. "Тәжікстанның тез арада соғысты тоқтатуды қолдауы – әлемдік қауымдастықққа, "Тәлибан" қозғалысына және оны қолдаушыларға жіберген басты жолдауы", - деп атап өтті ауған президенті.

Бірақ тәжік президентінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта Эмомали Рахмонның Ауғанстандағы соғысты тез арада тоқтатуды қолдайды деген мәлімдемесі берілмеген.

30 наурызда Эмомали Рахмон мен Ашраф Ғани "Азия жүрегі — Стамбұл процессі" деп аталатын конференцияға қатысады. Бұл жиын Ауғанстан мен Түркияның бірлескен бастамасы. Алғашқы конференциясы 2011 жылы Стамбұл қаласында өткен. Аймақтық диалогтың басты көтеретін мәселесі терроризм, экстремизмге және есірткі тасымалы мен кедейшілікке қарсы күрес.

XS
SM
MD
LG