Ссылки доступа

HRW Беларусьтегі журналистерге қарсы репрессия туралы баяндамасын жариялады


Соңғы бес айда Беларусь билігі журналистерге және тәуелсіз медиаға қарсы репрессияны күшейтіп, саяси негізде айыптап, негізсіз қамауға алып және айыппұл салуды күшейткені Human Rights Watch ұйымының 29 наурызда жариялаған баяндамасында айтылады.

Баяндамада қарсылық акцияларға қатысушы, адам құқықығы бұзылған жағдайлар туралы жазғандардың құқықтарын бұзып, оларды заңсыз қамап, сабаған фактілер Беларусь билігінің тәуелсіз БАҚ-қа қарсы қуғындау әрекеті ретінде сипатталған.

Құқық қорғаушылардың мәліметі бойынша, Беларусьта былтыр басталған қарсылық акцияларынан бері 30 мыңнан астам адам қамалған. Жүздеген адам соққыға жығылып, бірнешеуі қаза болған. Көптеген оппозиция лидерлері түрмеге түссе, бірқатары қысымнан кейін шетелге қашып кетуге мәжбүр болған.

"Әділеттілікті қалпына келтірудің орнына, Беларусь басшылығы күш құрылымдарын пайдаланып, акцияға қатысушыларды қуып тарқатып, мұны көрсеткен журналистерді қуғындап жатыр", - дейді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

Былтыр қыркүйек айынан наурызға дейін журналистерге қарсы 18 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде үшеуі бір жарым жылдан екі жылға дейін сотталды. Қалған жеті журналист сот шешімін күтуде. Оларға негізінен қоғамдық тәртіпті бұзу, салық жасыру және милиция ісіне араласу сияқты айыптар тағылған.

Беларусь журналистер одағының мәліметі бойынша, былтыр тамыз айынан бері 400-ге жақын журналист ұсталып, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапқа тартылған. Шетелдік журналистерді де елден шығарып жіберген жағдайлар орын алған.

Былтыр тамызда Беларусьта өткен президент сайлауынан кейін оппозиция қазіргі президент Александр Лукашенко жеңіске жеткен сайлау нәтижесін мойындамай, жаппай наразылыққа шықты. Содан бері Беларусьта қарсылық акциясы жалғасып келеді.

XS
SM
MD
LG