Ссылки доступа

1 сәуірден бастап Бішкектегі сауда орталықтары мен балалар алаңқайлары жабылады


Қырғызстан астанасында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты қалада карантин талаптары күшейтіледі. Бұл туралы қала басшысының орынбасары Айжан Чыныбаева хабарлады.

Атап айтқанда, 1 сәуірден бастап балалардың ойын-сауық мекемелері, сауда және ойын-сауық орталықтарындағы балалар алаңқайлары жабылады. Шектеу екі аптаға созылады.

Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар көбейіп барады. Үкімет медицина мекемелеріне эпидемияның үшінші толқынына дайын болуын тапсырды. Бішкек қаласы мен Шу облысында науқас көп тіркеліп жатыр.

Бішкек әкімдігінің мәліметі бойынша, қазір астанада 10 шұғыл медбригада жұмыс істеп жүр. 1 сәуірден бастап орта мектептер жартылай қашықтан оқуға ауысады.

Қырғызстанда 29 наурызда вакцина егу науқаны басталды. Жақында република қытайдың Sinopharm компаниясы шығарған вакцинаның 150 мың дозасын алды.

Коронавирус эпидемиясы басталғалы бері Қырғызстанда 84 653 адам коронавирус жұқтырған, 1497 адам қайтыс болған.

XS
SM
MD
LG