"Осы тақырыпты үнемі қозғай берген соң, адамдар оған мән беруді қояды. Солай кете берсе, осындай келеңсіз тақырыпқа етіміз үйреніп кетеді. Шын мәнінде, біз мұндай әңгімелер естігенде шошуымыз керек", – деп жазды ол Telegram'дағы парақшасында.
Комил Алламжоновтың мәлімдеуінше, шетелдің ұйымдары "Өзбекстан мен басқа да елдерге талап қоярдан бұрын, ұлттық дәстүрі мен мәдениетін, діні мен менталитетін ескеруі тиіс".
"Әлбетте, адам құқықтары – маңызды мәселе, әрбір азаматты, оның көзқарасына қарамастан, мемлекет қорғайды. Біз секілді халқының басым бөлігі мұсылман елде қоғам дәстүрге жат бағыттағыларды қабылдамайды. Біздің қасиетті дініміз, біздің мәдениетіміз бұған жол бермейді. Мысалы, [блогер Миразиз] Базаровты алайық, оның ойланбай айтқанының соңы немен бітті?! Дәстүрден жат көзқарастағыларға қатысты заң жұмсарса да, қоғам оны қабылдай алмайды, заң қағаз жүзінде қала береді", – деді Комил Алламжонов.
Еске салайық, 28 наурызда Ташкенттегі Әмір Темір даңғылында бір топ жігіт жапон анимесі мен корей поп-музыкасын жақсы көретіндерді ЛГБТ өкілдері деп қабылдап, оларды ұрған. Әмір Темір даңғылында кезекті жиын өткізбек болған блогер Миразиз Базаровқа сол күні кешке шабуыл жасалды. Қазір ол ауруханада жатыр.