Бұл баяндама Қазақстандағы оппозициялық белсенділердің Батыс елдерінен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, сонымен бірге оның орнына келген президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа санкция салу туралы үндеулері айтылып жатқан уақытта жарияланды.
Баяндамада "адам құқықтарына қатысы бар маңызды мәселелер" тізімі қамтылған. Құжатта "биліктің немесе соның атынан жасалған заңсыз немесе жөнcіз кісі өлтіру қылмысы"; "биліктің және соның атынан жасалған азаптаулар"; саяси тұтқындар; сот билігінің дербестігіне қатысты мәселелер; сөз бостандығын шектеу; бейбіт жиын өткізу құқықтарының сақталмауы; саяси өмірге араласуға бөгет жасау; жемқорлық; адамды саудалау; жұмысшылардың бірігу еркіндігін шектеу және басқа да мәселелер осы құжатта қамтылған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы сайлау нәтижесінде билікке келгені, ЕҚЫҰ бақылаушылары бұл сайлауда көптеген заң бұзушылық тіркегені, дауыс беру барысында үкіметке қарсы акцияға қатысқандарды жаппау ұстағаны, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "үкімет функцияларымен бірге" өмірлік құзыретке ие болғаны баяндамада айтылды.
Атқарушы билік заң шығару және сот билігін, аймақтар мен жергілікті билік органдарын бақылауда ұстап отырғаны жазылды. Полиция ішкі істер минитрлігіне қарайтыны, ал ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметі заңсыз деп танылған тіркелмеген ұйымдарды тергейтіні айтылды. Қудалауға ұшыраған ұйымдардың қатарында саяси партиялар, діни ұйымдар кәсіподақтар бар. ҰҚК төрағасы Қауіпсіздік кеңесінің құрамына кіреді, ал кеңесті бұрынғы президент Назарбаев өмір бойы басқарады.
АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде былтыр қазанда Шығыс Қазақстан облысының 33 жастағы тұрғыны Азамат Оразалының полицияда қаза тапқаны айтылды. Марқұмның туыстарының мәлімдеуінше, полиция қызметкерлері оны мал ұрлады деп мойындату үшін азаптаған. Баяндамада былтыр ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында белсенді Дулат Ағаділ беймәлім жағдайда қайтыс болғаны, адам құқығын қорғаушылар бұны саяси кісі өлтіру деп есептейтіні айтылды.
Еуропарламенттің биыл ақпанда қабылдаған "Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі" қарарында Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы жағдайды дұрыстау үшін кейбір мемлекет қызметкеріне санкция қолдануды ұсынған.