Ссылки доступа

Ташкентте соққыға жығылған блогердің үйіне тінту жүргізілді


Өзбекстанның құқық қорғау органдарының қызметкерлері бір апта бұрын соққыға жығылған блогер Миразиз Базаровтің үйіне тінту жүргізген. Осылай деп "Ферғана" сайты дереккөзіне сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция өкілдері блогердің жеке құжаттарын, компьютерін алып кеткен. Бірақ ешқандай құжат толтырмаған. Келесі күні Базаровтың шешесінің үйіне барып, видеокамера, фотоаппарат және ескі телефондарды, анасының жұмыс компьютерін алып кеткен. Мұнда да ешқандай құжат толтырмаған.

Миразиз Базаровты 28 наурыз күні кешкісін белгісіз біреулер ұрып кеткен. Блогердің ішкі органдарына зақым келген, миы шайқалған, сол аяғы сынған. Ол қазір ауруханада жатыр.

Блогердің соққыға жығылуына байланысты "Денсаулығына қасақана зақым келтірді" деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оның достары тергеуге шақырылып жатқанын, бірақ бұл оқиға емес, ЛГБТ тақырыбына қатысты сұралып жатқанын хабарлады.

Базаров жапон анимесін, корей поп-музыкасын жақсы көретіндерге арнап шара ұйымдастыруға дайындалып жүрген. Осының алдында гомосексуалдық үшін қылмыстық жауапкершілікті алып тастауды көтеріп келген. Әлеуметтік желі қолданушылары ол ұйымдастырмақ болған шара ЛГБТ қауымдастығына арналған деп жазып жатты.

Бірқатар блогерлер оны Өзбекстан билігін сынға алғаны үшін ұрып кеткен болуы мүмкін деген болжам жасайды. Ол постында президент Шавкат Мирзияевті де елде коррупция өсіп жатқаны үшін сынға алған. Ол алдағы президент сайлауына бойкот жариялауды да ұсынған.

XS
SM
MD
LG