Ссылки доступа

Райымбек Матраимов ауруханадан абақтыға ауыстырылған


Коррупция бойынша айыпталып жатқан Кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов ауруханадан №47 тергеу абақтысына ауыстырылды. Бұл жөнінде Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Матраимов биыл 18 ақпанда ҰҚМК-ға екінші рет тергеуге шақырылғаннан кейін қамауға алынған. Оған коррупция баптары бойынша айып тағылды. Ол 20 ақпанда екі айға қамалған. Кейін денсаулығы нашарлап, Бішкектегі "Бикард" жекеменшік ауруханасына ауыстырылғаны хабарланған.

Бішкектің Бірінші май аудандық соты 11 ақпанда Райымбек Матраимовты "Коррупция" баптары бойынша айыпты деп танып, 260 мың сом айыппұл салған. Ол кеденде қызмет еткен кезінде коррупциялық схема құрғанын мойындап, бюджетке 2 млрд сом қайтарған.

Бұл сот шешімі қоғам наразылығын туғызып, 14 ақпанда оның қамалуын талап еткен акция өткен. Кейін арнайы қызмет егер Райымбек Матраимовтың шетелде қымбат мүліктері анықталса, тергеу істері қайта жалғасатынын жеткізген.

Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop.kg сайтымен бірге журналистік зерттеу жариялады. Онда қырғыз кеден жүйесі арқылы миллиондаған доллар шетелге шығарылғаны айтылды. Зерттеуде Кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Раимбек Матраимовтың есімі аталды.

9 желтоқсанда АҚШ Райымбек Матраимовты "Магнитский актісі" тізіміне енгізді. Бұған сәйкес, оның АҚШ-тағы барлық мүлкі бұғатталады. Бұл тізімге Матраимовтың әйелі Уулкан Тургунова да кірді.

XS
SM
MD
LG