Ссылки доступа

Amnesty International жетекшісі Путиннен Навальныйға дәрігер кіргізуді сұрады


Алексей Навальный

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымының бас хатшысы Аньес Калламар Ресей президенті Владимир Путинге қайырылып, түрмедегі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйға тәуелсіз дәрігер жіберуді талап етті.

Бұған қоса, саясаткерді дереу босатуды да сұрады. Құқық қорғаушы бұл жайлы Twitter-дегі парақшасында жазды.

Калламер жазбасында саясаткердің негізсіз ұсталуын және денсаулығының нашарлағанын атап өткен. Amnesty International жетекшісі Ресей билігі өзінің әрекеті арқылы Навальныйды өлімге итермелеп отыр деп санайды.

Калламурдың айтуынша, Алексей Навальный – "Новичокпен" уланып, тірі қалған санаулы адамдардың бірі. Оның денсаулығын күтудің орнына түрмеде дұрыс ұйықтатпай, қинайды.

Наурыз айының соңында Amnesty International жетекшісі болып тағайындалғанға дейін Аньес Калламар Навальныйдың улану ісі бойынша БҰҰ-ның арнайы баяндамашыларының бірі болған.

Мәскеуге жақын Владимир облысы Покров қаласының №2 түрмесінде отырған Алексей Навальный жақында адвокаттарына отрядтағы 15 адамның үшеуінің түбіркүлезбен ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған. Түрме дәрігерлері Навальныйдың дене қызуы көтеріліп, қатты жөтелгенін де байқаған.

Федералдық қылмыстық жазаны орындау қызметіне (ФСИН) сүйенген Навальный штабы дүйсенбі күні кешке қарай саясаткерді "респираторлық ауру белгілері бойынша" түрмеден ауруханаға ауыстырғанын хабарлады. Бірақ саясаткер 31 наурызда жариялаған аштығын тоқтатпаған. Адвокат Ольга Михаилованың сөзінше, түрмеге түскелі бері ол 13 килограмм салмақ жоғалтқан.

2 ақпанда Мәскеудің Симонов соты Алексей Навальныйды 2013 жылы "Ив Роше ісі" бойынша шыққан шартты жаза ережелерін орындамады деп саясаткерді түрмеге жіберген. Еуропаның Адам құқығы жөніндегі соты істің саясиланғанын айқан. Оппозиционер түрмеде шамамен 2,5 жыл болады. ​

Наурыз айының ортасында Навальный белі мен аяғының ауыратынына шағымданған. Бұған қоса, түрме әкімшілігінің түнде мазалап, ұйқы бермейтінін де айтқан. Оны бір түнде сегіз рет оятқан. Саясаткер сонымен бірге қажетті дәрежеде ем ала алмай отырғанын да алға тартқан. Ал ФСИН Навальныйдың денсаулығы "орташа" деп мәлімдеген.

Наурыз айының соңында мыңнан астам дәрігер билікке ашық хат жазып, саясаткерге тәуелсіз дәрігерді кіргізуге шақырған.

Алексей Навальный командасы көктемде Ресей аймақтарында саясаткерді босатуды талап етіп, ірі митингілер ұйымдастыратынын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG