Ссылки доступа

Amnesty: Қазақстан билігі құқықты шектеп, "өзгеше ойлайтындармен күресті" тоқтатпады


Қазақстан билігі бейбіт жиын өткізу және еркін пікір айту құқығын шектеп, індет кезінде де "өзгеше ойлайтындармен күресін" тоқтатпады. Бұл туралы халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымының жаңа есебінде айтылған.

Штаб-пәтері Лондонда шоғырланған құқық қорғау ұйымы 7 сәуір күнгі есебінде 149 елдегі адам құқығының ахуалын баяндаған. Ұйым сарапшылары биліктің коронавирусқа байланысты енгізген шаралары Еуропа мен Орталық Азиядағы адам құқығына қауіп төндірді деп санайды. Құқық қорғаушылар мұндай жағдай онсыз да құқық аясы тарылып, теңсіздік бар елдерде жиіледі дейді.

Ұйым сарапшыларының тұжырымдауынша, бірқатар ел үкіметтері індетті "бостандықты шектеп, адам құқығы саласындағы міндеттемелерді ескермес үшін және өзінің ықпалын арттыратын құрал ретінде" пайдаланған. Түрлі шектеуші заңдар мен ережелер құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне бөгет жасаған.

Amnesty International баяндамасына сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстанда митинг туралы шектейтін заң жобалары қабылданып, өзгертілген. Қазақстан билігі "бұрынғыша бейбіт жиын мен пікір айту құқығын қатаң шектеп жатыр. Билік сыншылары саяси себеппен қудалауға ұшырады. Азаптау мен дөрекі қатынас кеңінен жайылған. Құқық қорғаушыларды тықсырып, "жала жабу" бабымен азаматтық жауапкершілікке тартты. ЛГБТ стигматизация және зорлық-зомбылыққа ұшырады, мүгедектігі бар адамдар өздерінің құқықтарын қорғау тетіктерінен айырылды. Пандемия салдарынан экономикалық жағдай нашарлағандықтан білім алу мүмкіндігі төмендеп, бала еңбегін қанау көбейді" делінген баяндамада.

Бұрынғы совет республикаларының билігі түрлі "жала жабу" кампаниялары арқылы үкіметтік емес ұйымдардың үнін өшіруге тырысты. Былтыр жыл соңында Қазақстанда адам құқығы мәселелері және тәуелсіз бақылаушылар дайындаумен айналысатын ондаған үкіметтік емес ұйым "қаржылық есептен қате жіберді" деп айыпталып, айыппұл салынды, кейбірінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Халықаралық ұйымдардың қысымынан соң әкімшілік істер тоқтатылған. Баяндамада осы оқиға мысал ретінде келтіріледі.

Баяндамада былтыр алты түрме әкімшілігінің тұтқындардың құқығын қорғаумен танымал болған Елена Семенованың үстінен сотқа шағым түсіргені де айтылады. Олар құқық қорғаушыны түрмедегі "азаптау оқиғалары" жайлы ақпарат таратып, мекемелердің "беделіне нұқсан келтірді" деп айыптаған.

Жаңа есеп авторлары былтыр Қазақстанда қабылданған бейбіт жиын туралы жаңа заң халықаралық стандартқа сәйкес келмейді деп атап өтеді. Оған сәйкес, митинг өткізу үшін баяғыдай биліктің рұқсатын сұрау керек және оларды тек арнайы бөлінген жерлерде ғана өткізуге болады. Заңда азаматтығы жоқ, мүгедектігі бар адамдар және тіркелмеген ұйымдарды ашық алалау бар деп санайды құқық қорғаушылар.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары көп жылдан бері Қазақстан билігін "жала жабу" бабын декриминализациялауға шақырып келеді. Былтыр маусым айында "Жала жабу" бабы Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылған. Алайда билік оппоненттерін қудалап, жазалау үшін Қылмыстың кодекстің 274-бабы ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") мен ондағы төтенше жағдайда қатысты тармақтарды өз мүддесіне пайдаланды дейді баяндама авторлары.

Құқық қорғау ұйымының мәліметінше, былтыр қаңтар мен тамыз аралығында 274-бабымен 81 қылмыстық іс қозғалған, бесеуі сотқа жеткен.

Баяндамада 2020 жылы 8 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи, Сортөбе және Бұлар батыр ауылдарында болған ойран жайында да сөз болады. Бұл аумақтарда негізінен этникалық дүнгендер шоғырланған. Бұл оқиғаның салдарынан 11 адам (негізінен дүнгендер) қайтыс болған, жүздеген адам, оның ішінде 19 полицей жараланған. 20 мыңнан астам адам үйлерін тастап, қашуға мәжбүр болған.

Баяндама авторлары бүкіл аймақта этникалық және діни аз топтарға қысым көбейгенін атап өтеді. Қытай билігі Шыңжаңда ұйғырлар мен өзге де түркі тілді мұсылмандарды "тұрақты түрде қудалап жатыр". Ұйғырлар мен өзге де мұсылмандарды "сот шешімінсіз саяси үгіт-насихат лагерьлеріне қамап, мәдени тамырынан күшпен қол үзуге мәжбүрледі". Қытай билігі ұйғырлар және өзге де мұсылман топтарды, тибеттіктерді ығыстыруды ақтай сөйлеп, оны "экстремизм, терроризммен күрес шарасы" деп атаған.

Amnesty барлық елдерде-дерлік коронавирусты тежеу үшін төтенше жағдай енгізілгенін алға тартады. Алайда көп жағдайда шектеу шаралары адам құқығын бұзу құралы ретінде пайдаланылған. Кей жағдайда күштік құрылымдар карантин талаптарын күшпен орындауға мәжбүрлеген.

Бақылаушылар Бельгия, Грекия, Грузия, Испания, Италия, Қазақстан, Қырғызстан, Польша, Румыния және Францияда құқық қорғау орган өкілдерінің бейбіт демонстранттарға күш қолданғанын тіркеген. Әзербайжанда саяси себеппен қудаланғандар көбейгені байқалған.

XS
SM
MD
LG