Ссылки доступа

Тәжікстанда 28 жылға сотталған кәсіпкер ауруханада қаза болды


Раджабали Одинаев.
Раджабали Одинаев.

Тәжікстанда бірнеше айыптар бойынша 28 жылға бас бостандығынан айырылған "Умед-88" компаниясының бұрынғы басшысы Ражабали Одинаев 7 сәуірде Душанбедегі ауруханада қаза болды. Бұл туралы оның жақындары хабарлады.

25 наурызда Тәжікстанның Қылмыс жазаларын атқару бас басқармасының басшысы Мансуржон Умаров түрмедегі Ражабали Одинаевтың денсаулығы нашарлап, "Жедел жәрдем" көлігімен Душанбедегі ауруханалардың біріне жеткізілгенін мәлімдеген. Оның айтуынша, "Умед-88" компаниясының бұрынғы басшысының асқазанындағы жара жарылып, операция жасалған.

Ражабали Одинаев 2017 жылы президент Эмомали Рахмонның қатты сынынан кейін қамауға алынған.

2018 жылы ол несиеге берілген "ірі көлемдегі қаржыны ұрлау, қызметін асыра пайдалану, мемлекет ақшасын ұрлау" деген айыптар негізінде 24 жылға еркінен ажыратылған. Былтыр оның жаза мерзіміне төрт жыл қосылып, жалпы 28 жылға сотталған.

Билік бірінші рет оны Рогун ГЭС-нің құрылысына бюджеттен бөлінген 171 млн сомониді қайтармай қойған деп айыптаған. Кейін Ражабали Одинаевқа несие ретінде берілген ақшаны ұрлады, қызмет бабын асыра пайдаланды, мемлекеттік мүлікті өзіне аударып алды деген бірқатар айыптар қосылды.

Оның туыстары Одинаев босап шықса, "Умед-88" компаниясындағы мүліктерді сатып, Рогун ГЭС-не қарызды өтеп беретінін айтып, қалған айыптаулар жөнсіз деген. Бірақ билік мұндай ұсыныстардан бас тартқан. Құқық қорғау органдары былтыр Ражабали Одинаевтың компаниядағы мүлікті сатудан Рогун ГЭС-іне келтірілген 42 миллион сомони материалдық зиянның орны толтырылғанын жариялаған.

"Умед-88" компаниясы 2006 жылдан бері Тәжікстанның май құю нарығында жұмыс істеп келеді. Оның жетекшісінің мәліметі бойынша, компания бюджетке 2 млрд сомониден астам салық төлеген. Компания жабылғанға дейін бес жүзден астам адам жұмыс істеген.

"Умед-88" 2018 жылға дейін Тәжікстанда ресейлік "Газпром" және "Фароз" компаниясымен басты бәсеке болып, өлкеге жанармай тасыған ірі үш компанияның бірі болған.

XS
SM
MD
LG