Ссылки доступа

Самарқанда наразылар бір отар қойды аудан әкімдігінің ғимаратына айдап әкелді (видео)


Скриншот с видеозаписи.
Скриншот с видеозаписи.

Самарқанд облысына қарасты Нұрабад ауданында жайылымды кластерлерге беруге наразы жергілікті қойшылар бір отар қойды аудан әкімдігінің ғимаратына айдап әкелді.

Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан қойлардың аудан әкімдігі алдында жайылып жүргенін көруге болады. Қойшылар әкімшіліктен жайылымдарды қайтаруды талап етіп тұр.

Нұрабад ауданының бір тұрғынының айтуынша, бұл оқиға 6 сәуірде түстен кейін болған. Биліктің жайылымдарды кластерлерге беруі қойшылардың ашуын туғызған.

– Осы уақытқа дейін малды жайылымда жайып жүрдік. Жергілікті тұрғындардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Өзбекстанда кластерлер пайда болғалы бері бізге малды жайылымға шығаруға тыйым салды. Сол себепті жергілікті тұрғындар хокимият ғимаратына келіп, жайылымдарды қайтаруды талап етті, – дейді тұрғындардың бірі.

Былтыр күзде Жібек және қаракөл шаруашылықтарын дамыту жөніндегі комитет "Самарқанд қаракөл кластері" компаниясына 151 мың гектар, ал SP LUXE бірлескен кәсіпорынына 197,2 мың гектар жер берген.

Бұған қоса, "SP Luxe" кәсіпорыны "Сохибкор Хожиакбар" шаруашылығымен келісімге отырып, бірлескен кәсіпорын жергілікті шаруаның 834 гектар жерін 49 жылға жалға алған.

Келісімде бұл жерде 1450 бас ірі қара өсіретіні туралы айтылған. Алайда олар 4 мыңнан астам қойды жайылымға шығарған. Нұрабад ауданындағы "Киличли" махалласының тұрғындары осы жағдайға наразы болған. Сол себепті олар бір отар қойды аудан әкімдігіне айдап әкелген.

– Жергілікті тұрғындар отар қойды әкелген күні біз жиналыс өткізіп, "SP Luxe" бірлескен кәсіпорыны мен "Сохибкор Хожиакбар" шаруашылығы арасындағы келесімді жойдық. Жайылымды жергілікті тұрғындардың малына беру туралы шешім қабылдадық, – деді аудан әкімдігінің өкілі.

Самарқанд облысының Нұрабад ауданында 100 мыңнан астам ірі қара және 250 мыңнан астам қой мен ешкі бар.

XS
SM
MD
LG