Ссылки доступа

АҚШ елшілігі "саяси тұтқын" Әсет Әбішевке медициналық көмек көрсетуге шақырды


АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі түрмеде наразылық ретінде денесін жарақаттаған "саяси тұтқын" Әсет Әбішевке медициналық көмек көрсетуге шақырды.

Ал Алматы облыстық қылмыстық жазаны атқару жүйесі департаменті Әбішевтің денесін жарақаттағанын растап, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.

Құқық қорғаушылар белсендінің жарақаттанғаны жайлы дабыл қаққаннан кейін АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі 8 сәуірде Twitter-де:

"Біз халықаралық деңгейде мойындалған саяси тұтқын Әсет Әбішевтің ауруханаға жатқызылғаны туралы хабарды мұқият қадағалаудамыз және оған қажет медициналық көмекті шұғыл түрде толықтай көрсетуге шақырамыз. Азаматтар бейбіт белсенділік үшін түрмеге қамалмауы керек" деп жазды.

Елде "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталып, осыдан бірнеше жыл бұрын төрт жылға сотталған Әсет Әбішевтің түрмедегі "заңсыз тінтулерге" қарсылық ретінде тамырын кескені жайлы ақпаратты 7 сәуірде ең бірінші болып құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлаған.

"Заречныйдағы ЛА-155/14 мекемесінде отырған Әсет Әбішев ар-намысты қорлаған заңсыз тінтуге қарсылық ретінде екі қолының тамырын кесті! Қазір жағдайы ауыр күйде айыппұл изоляторында жатыр. Өміріне қауіп төніп тұр" деп жазды құқық қорғаушы Facebook-тағы парақшасында.

Азаттық тілшісі бейсенбі күні түрме әкімшілігіне хабарласқанмен нақты жауап ала алмады. Алматы облыстық қылмыстық жазаны атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі 8 сәуір түстен кейін Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында Әбішевтің наразылық ретінде өзіне дене жарақатын салғанын растады.

Департаменттің түсіндіруінше, Әбішев "өзін тексеруге қарсы болып, жария түрде сол қолына кішігірім жарақат салған".

"Сотталушының сөзінше, ол тінту жұмыстарына қарсы. Оған мекеме қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жағдайы орташа, ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ. Оқиға орнына Қапшағай қаласы полициясының тергеу тобы мен прокурор келді, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұған қоса, қоғамдық бақылау комиссиясы мен ұлттық превентивті механизм өкілдері шақырылды. Қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр, соның нәтижесі бойынша заңға сәйкес шаралар қолданылады" делінген департамент мәлімдемесінде.

2019 жылы сәуір айында белсендінің адвокаты мен жақтастары Әсет Әбішев отырған түрмеге әскер кіргізіліп, белсендінің соққыға жығылғанынхабарлаған. Адвокаты бұл оқиғаға байланысты қылмыстық істің қозғалуына күш салғанмен нәтижесіз аяқталды. Сол кезде прокуратура Әбішевтің соққыға жығылғанын мойындамаған. Бірақ оған медициналық көмек керек болғанын растаған. Алматы облыстық қылмыстық жазаны атқару департаменті түрмеге әскер кіргізілгенін жоққа шығарып, "жоспарлы тінту шарасы өтті" деп мәлімдеген.

Белсенді Әсет Әбішев "қылмыстық ұйымды қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" (нақты жағдайда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы, оны Қазақстан соты экстремистік ұйым деп танығанмен Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған) деген айыппен 2018 жылғы қараша айында төрт жылға бас бостандығынан айырған.

Бұған дейін сот оның жазаны жеңілдету туралы өтініштерін бірнеше рет қанағаттандырмады.

Қазақстандық құқық қорғаушылар белсендінің саяси себеппен қудаланғанын айтып, оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

XS
SM
MD
LG