Ұйым белсенділерінің пікірінше, құқыққорғау органдары шұғыл әрекет ете алмайды, әділ тергеу жүргізбейді, дұрыс жаза қолданбайды, зорлық-зомбылық құрбандарын қорғай алмайды.
"Құқыққорғау органдарының күштері көбіне саяси топтардың мүддесін қорғауға бағытталған, ал кадр саясаты кәсіби мамандарды таңдауды көздемейді. Соның салдарынан әйелдер мен қыздар қатты зардап шегіп жүр", - делінген ұйым мәлімдемесінде.
Ұйым мәліметі бойынша, Қырғызстанда былтыр 215 рет қызды мәжбүрлеп алып қашу оқиғасы тіркелген, бірақ 13 іс қана сотқа жеткен. Бұл - ресми мәлімет, мұндай оқиғалар одан да көп болуы мүмкін, өйткені мұндай қылмыстар туралы көп айтылмайды.
"Милицияның әйелді зорлау, алып қашу қылмыстары тіркелген уақытта қалай әрекет ету керектігі туралы нақты жоспары болуы тиіс", - деп есептейді "Реформа мен нәтиже үшін" азаматтық одағының белсенділері.
Қырғызстанда жақында ғана қыз алып қашуға қатысты тағы бір жантүршігерлік қылмыс тіркелді. Бірнеше жігіт алып қашқан қыздың ертесіне өлі денесі табылды. 8 сәуірде Бішкекте "Зорлыққа жол жоқ" акциясы өтті. Оған қатысқандар ішкі істер министрі Ұлан Ниязбековтің қызметтен кетуін талап етті.