Ссылки доступа

"11 жылдан бері мәселеміз шешілмеді". Үлескерлер агенттіктің маңына шатыр құрып, түнемекші


12 сәуірде Алматыда белсенді Қанағат Тәкеева бастаған бір топ үлескер қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ғимаратына жиналып, "билік мәселені шешпейінше, мекеме алдында түнеп, осы жерден кетпейміз" деп мәлімдеді.

"Бұл жаққа заттарымызбен келдік. Қазір палаткалар әкеле жатыр. Себебі, біз бүгін түнде осы жерде қонып шығамыз деп отырмыз. Банктегі несие мәселеміз шешілмейінше осында қаламыз" деп хабарлады тікелей эфирде Қанағат Тәкеева.

"Біз ары-бері жүріп шаршадық. Біздің бармаған жеріміз жоқ. Президент әкімшілігінде, ұлттық банкте болдық. Екінші деңгейлі банк басшыларымен кездестік. Барлық мемлекет қызметкерлері мәселені шешу керек, жақын арада шешеміз деп шығарып салады. Бірақ 11 жылдан бері мәселемізді шеше алмай келеді" деді Қанағат Тәкеева.

Ол наразылыққа банк алдындағы қарыздарын өтей алмай, бизнесінен айырылу қаупі төнген кәсіпкерлер де қосылып жатқанын айтты.

"Қайта қаржыландыруды және кәсіпкерлердің бизнесін үш пайыз бойынша қайта қаржыландыруды талап етеміз" деді белсенді. Оның айтқанын жанындағылар қоштады.

Жиналғандардың бірі індет кезінде депутаттарға жұмсалатын шығынның көп екенін алға тартып, мемлекет оданша миллиондаған салық төлеп жатқан кәсіпкерлерді қолдасын деген пікір айтты.

Үлескерлердің сөзіне қарағанда, ипотекалық қарызды қайта қаржыландыруға үкімет миллиардтаған қаржы бөлген. Бірақ бағдарлама іске қосылғанмен көп жылдан бері мәселесін шешуді талап етіп жүрген азаматтарға көмегі тимеген.

Қазақстанда ипотекалық кредитті қайта қаржыландыру бағдарламасы 2015 жылдың сәуірінде іске қосылды. Бағдарламаның бірінші бөлігі 2004 жылдан бастап 2009 жылға дейін ипотека алған және баспанасы жоқ тұрғындарды қолдауы тиіс. Оны жүзеге асыру үшін 130 млрд теңге бөлінген. Былтыр ресми БАҚ қайта қаржыландыру бағдарламасына түзетулер енгізіліп, оған сәйкес тұрмысы нашар отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға қаржылай қолдау көрсетілетінін жазған. Бұған қоса, кейбір банктердің балансына өткен жылжымайтын мүліктердің қарыз иелеріне қайтарылатыны хабарланды.

Ресми мәлімет бойынша, қарызды қайта қаржыландыру туралы 34 мыңнан астам өтініш келіп түскен, 28 мыңнан астамы мақұлданған. 27 мыңнан астам қарызды қайта қаржыландыру үшін 161,8 млрд теңге жұмсалған.

Бұған дейін "қайта қаржыландыру бағдарламасына ілінген" кейбір үлескерлер несиесінің жартысынан астамын өтесе де, қайта қаржыландыру кезінде қарызының еселеп артқанын айтып, шағымданған.

XS
SM
MD
LG