Ссылки доступа

Түрмеде аштық жариялаған "саяси тұтқын" Кенжебек Әбішев ауруханаға түсті


На фрагменте из кадра из трансляции — больница в городе Капшагай, в которую был доставлен заключенный Кенжебек Абишев.

Бірнеше күннен бері түрмеде аштық жариялап жатқан "саяси тұтқын" Кенжебек Әбішев ауруханаға түсті. Бұл туралы оның адвокаты Гүлнара Жуаспаева хабарлады.

15 сәуірде Қапшағай қалалық ауруханасының сыртынан Facebook-те тікелей эфирге шыққан адвокат дәрігердің оны қашан тексеретінін күтіп тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, ауруханада карантин болғандықтан ол жаққа ешкімді кіргізбейді.

"Оны кеше түнгі сағат 10-дарда жеткізгенін естідік. Оны Заречныйдағы ЛА-155/14 мекемесінен осы жерге жедел жәрдем көлігімен әкелген. Ол бес күннен бері аштық ұстап отыр. Өлімалды хат жазып, өзінің ерте босату туралы өтінішінің бірнеше рет қанағаттандырылмағанына шағымданған. Оның марапаттары көп, бірде-бір айыппұлы жоқ. Біз дәрігердің шығып, жағдайын айтып беруін күтіп тұрмыз" деді Гүлнара Жуаспаева.

Кенжебек Әбішевті қолдауға аурухана алдына бірқатар бесенділер де жиналған.

Кенжебек Әбішевтің түрмеде аштық жариялағаны туралы хабар 11 сәуірде тараған. Құқық қорғаушылар оның түрме бастығы мен билікке арнап жазған хатын жариялап, денсаулығына алаңдаушылық білдірген. Хатта Әбішев соттың мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін "еш негізсіз" қанағаттандырмағанына шағымданған. Бұған қоса, түрменің қажетті дәрежеде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етпей, соның салдарынан жүрек ауруы, тыныс жолы ауруы асқынып кеткенін атап көрсеткен.

"Жалынып-жалбарынатын, жылайтын, сұрайтын жағдайда емеспін. Сондықтан ары қарай өмір сүрудің, тамақ ішудің мәні жоқ. Ештеңе жегім де, емделгім де келмейді. Өлтіргілерің келе ме? Өлтіріңдер! Өмір сүруден шаршадым" деп Әбішев жазған.

Бұған дейін түрме әкімшілігі Әбішевтің жағдайына қатысты түсініктеме бермеген.

Кенжебек Әбішев 2018 жылдың 21 желтоқсанында "терроризмді насихаттады" және "ұлттық алауыздықты қоздырды" деп айыпталып, жеті жылға сотталған. 2019 жылы апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қазақстандық құқық қорғаушылар Кенжебек Әбішевті саяси тұтқын деп таныған. Ал Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ деп есептейді.

Бір жыл бұрын Қапшағай қалалық соты Кенжебек Әбішевтің жаза мерзімін азайтқан болатын. Сол кезде оның мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу туралы өтініш жазуына болатыны айтылған еді. Содан бері Әбішев ерте босап шығу туралы бірнеше рет өтініш жазған. Бірақ өтініші қанағаттандырылмады.

XS
SM
MD
LG