Ссылки доступа

Қырғызстанның арнайы қызметі Райымбек Матраимовқа қатысты қылмыстық істі тоқтатты


Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовқа қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Бұл туралы арнайы қызметтің баспасөз орталығы хабарлады.

Райымбек Матраимов қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырды деген күдікпен биыл 18 ақпанда ұсталған. Сот оны қамауда ұстау туралы шешім шығарған. "Айта кетерлік жайт, сотқа дейінгі өндірістің ашылуына "Азаттык Медиа" мекемесінің журналистік зерттеуі себеп болды", - делінген арнайы қызметтің хабарламасында.

ҰҚМК мәліметіне қарағанда, тергеу ТМД-ның, Еуропа елдерінің, Қытайдың, Түркияның, сонымен бірге Дубай Әмірлігінің тиісті органдарына Райымбек Матраимов пен оның отбасына тиесілі қандай да бір актив бар-жоғы туралы сұрау жолдаған. "Алайда, аталған мемлекеттердің құзырлы органдарының ресми мәліметіне сәйкес, Матраимов пен оның отбасының мүшелерінің бұл елдерде мүлкі жоғы анықталды", - деп хабарлады ҰҚМК.

Бұған қоса, комитет Матраимовтың "өз еркімен" мемлекетке ауданы 232,3 шаршы метр болатын пәтерін бергенін хабарлады.

Былтыр 9 желтоқсанда АҚШ Райымбек Матраимовты Магнитскийдің ғаламдық тізіміне қосқан. Санкция оның әйелі Уулкан Тургуноваға да салынды. Содан кейін олардың тегін өзгертіп алғаны мәлім болған.

XS
SM
MD
LG