Ссылки доступа

Қызылордада қытайлық мұнай компаниясы жұмысшылары жалақы өсіруді талап етті


Қызылорда облысында мұнай барлау, өндіру және тасымалдаумен айналысатын "Қуатамлонмұнай" компаниясының 300-ден астам жұмысшысы жалақы өсіруді талап етіп, басшылық пен билік реакция танытпаса ереуілге шығатынын хабарлады. Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, олар орташа есеппен 110 мың теңге жалақы алады.

"Біз жалақымызды кемінде 250 мың теңгеге дейін өсіруді талап етіп отырмыз. Арамызда 90 мың теңге алатындар бар" деді 16 сәуірде аты-жөнін айтудан бас тартқан жұмысшылардың бірі Азаттық тілшісіне.

Интернетте жариялаған видеода жұмысшылардың бірі президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықоваға арналған үндеуді оқып береді.

"Азық-түлік бағасының қымбаттауы мен базар бағасының өсуі қатты әсер етіп жатыр. 2017 жылдан бері жалақы көтерілген жоқ. Өткен жылдың 24 қарашасында мекеме басшысына жалақыны көтеру жөнінде ұжымдық хат жолдадық. Бірнеше рет жиналыс болды. Жылдың басында 5 қаңтар күні облыс әкімдігі өкілі мен еңбек саласындағы бақылау басқарма басшысы, облыстық кәсіподақ төрағасының қатысуымен жиналыс болды, бірақ соңы нәтижесіз аяқталды" делінген мәлімдемеде.

Видеода кемінде 40 шақты адам тұрғаны көрінеді. Компания жұмысшыларының айтуынша, мекемеде екі вахтамен істейтін шамамен 350-ден астам адам бар. Олардың бәрі мәлімдемені қолдап отыр.

Олардың сөзіне қарағанда компанияны Қытай азаматтары басқарады. Ашық дереккөздерде "Қуатамлонмұнай" бірлескен кәсіпорны ЖШС-інің директоры Сун Хуайюй ретінде көрсетілген.

Азаттық тілшісі 16 сәуірде аталған компанияның Қызылордадағы бас кеңсесіне хабарласқанмен телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

"Қуатамлонмұнай" кәсіпорны Қызылордадан шамамен 160 шақырым жерде орналасқан. Мұнай-газ өндіру, барлау, тасымалдау, экспорттау және өткізу ісімен айналысады.

XS
SM
MD
LG