Ссылки доступа

Қырғызстанда коронавирусты уқорғасын тамырымен емдеуді ұсынды


Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев 16 сәуірде баспасөз конференциясын өткізіп, ыстықкөл уқорғасынының тамырынан (аконит) дайындалған тұнбаны журналистер көзінше ішті.

Министрдің айтуынша, қазіргі президент Садыр Жапаров 2020 жылдың 2 наурызында сол кездегі президент Сооронбай Жээнбековке хат жазып, ыстықкөл уқорғасынын түрлі ауруларға, соның ішінде коронавирусқа қарсы ем ретінде қолдануға болатынын айтқан.

Жапаровтың әкесі аконит тұнбасын қалай дайындау керектігін үйреткен.

"Ол кезде мен министр емес, қарапайым дәрігер едім. Бірақ тұнбаны туыстарыма ішкіздім. Олардың денсаулығы жақсарды. Сосын Садыр Нұрқожаұлына шығып, коронавирустан емделуге көмектесуін сұрадым. Біздің жігіттер тамырды жинайды. Мен күнде президенттен оның дозасын анықтап беруін сұраймын. Біз оны қайнатып, тұнбаны науқастарға береміз. Коронавирустың жеңіл түрімен ауыратындар осы сусынды ішкен соң жазылып кетеді. Ауыр түріне шалдыққандар тұнбаны бірнеше күн ішеді. Ыстықтай ішу керек", - деді министр.

Оның мәлімдеуінше, уқорғасын тамырының көмегімен шамамен 300 науқас жазылып шыққан. "Тамырдың дозасын анықтайтын жалғыз адам - президент", - дейді министр.

Содан кейін министр ыстық тұнбаны тікелей эфирде ішті.

Ашық деректердегі ақпаратқа сүйенсек, аконит (ыстықкөл тамыры, уқорғасын) — өте улы өсімдік, оны медицинада қолдану адам өміріне аса қауіпті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қырғызстандағы бөлімі осыған байланысты мәлімдеме таратты.

"Клиникалық зерттеуден өтпеген препараттар тіркелмейді, оны көпшілікке ем ретінде қолдануға ұсынуға болмайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында аконитпен ("Aconítum soongáricum) COVID-19-ға қарсы ем ретінде қолдануға болатыны және оның қауіпсіздігі туралы мәлімет жоқ "

Коронавируспен ауырғанде өз бетімен емделмей, шұғыл түрде медициналық мекеме көмегіне жүгінген жөн" делінген ДДСҰ мәлімдемесінде

XS
SM
MD
LG