Ссылки доступа

Тәжік қаржы министрлігі: YouTube-те онлайн-лотерея ұйымдастыратын блогерлер лицензия алуы тиіс


Тәжікстан қаржы министрлігі тәжік блогерлерінің YouTube-те онлайн-лотерея өткізуі заңсыз деп есептейді.

"Онлайн-лотерея ұйымдастырушылар Әділет министрлігінен лицензия алуы тиіс, әйтепесе олар заңсыз кәсіпкерлік әрекет жасағаны үшін жауапқа тартылады", - деді министрліктің заңгері Бахром Саттроиен. Оның айтуынша, министрлік онлайн-лотерея ұйымдастыру үшін қаржы мекемесінің рұқсатын алуды міндеттейтін заң дайындады.

Тәжік блогерлері YouTube-те лотерея ұйымдастыруды жиілетті. Сыйлыққа автокөлік, смартфон, ақша және пәтер тігіледі. Онлайн-лотереяға қатысу үшін 100-200 сомони төлеу керек.

Мұндай билеттерді негізінен Ресейде жүрген еңбек мигранттары сатып алады. Алайда ұтыс Тәжікстанда ойнатылады.

Тәжік блогері Файзали Сафаровтың пікірінше, көбіне мұндай онлайн-лотереяларды ұйымдастырушылар халықты алдайды. "Мәселен, блогер ұтыс ретінде көршісінің мініп жүрген көлігін тігеді. Билет сатады, бірақ көршісін жеңімпаз деп жариялайды", - дейді ол.

Еске салайық, биыл ақпан айында Тәжікстанның салық комитеті жергілікті блогерлерді әлеуметтік желілер мен YouTube-те тапқан табысына салық төлеуге міндеттеген.

XS
SM
MD
LG