Ссылки доступа

Хельсинки комиссиясы: жаңа Конституция Қырғызстанды авторитаризмге әкелуі мүмкін


АҚШ Конгрессі Хельсинки комиссиясының төрағасы, сенатор Бен Кардин, комиссия жетекшілері сенатор Роджер Уикер мен Джо Уилсон Қырғызстанның 11 сәуірде референдумда қабылдаған жаңа Конституциясына қатысты мәлімдеме жасады.

"Біз Орталық Азиядағы ең демократиялы ел деп саналатын Қырғызстан жаңа Конституция қабылдаған соң парламенттің ықпалы азайып, президент билігі күшейіп, авторитарлық басқару жүйесіне көше ма деп қауіптенеміз", - делінген мәлімдемеде.

Комиссия Қырғызстан үкіметін азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге шақырды.

Бұның алдында Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы мен ЕҚЫҰ-ның Адам құқықтары мен демократиялық институттар жөніндегі бюросы Қырғызстанның жаңа Конституция жобасына қатысты бірлескен мәлімдеме таратқан. Аталған ұйымдардың құжатқа қатысты қорытындысында заңда билікті бақылау, тежеу механизмдері жоғалғанын, соның салдарынан билік бір адамның қолына өтуі мүмкін екені айтылған.

11 сәуірде Қырғызстанда жаңа Конституция жөнінде референдум өтті. Дауыс беру құқығына ие 3,6 миллион азаматтың 1,3 миллионы дауыс берді. Референдумның алдын ала нәтижесіне сәйкес, дауыс берген азаматтардың 79 пайыздан астамы жаңа Конституцияны қолдаған.

XS
SM
MD
LG